Елордада Ұлттық спорт түрлерінен жыл үздіктері марапатталды. Тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған байқау барысында көкпар, бәйге, садақ, аударыспақ, теңгеілу, асық ату, тоғызқұмалақ, құсбегілік және «Жыл жаңалығы» аталымдары бойынша үздік спортшылар мен бапкерлер іріктелді. Жиында «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық спорттың қарқынды дамып жатқанын жеткізді.

«Таяуда Түркияда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Сол ойында Президент тапсырмасымен бір топ делегация болып бардық. Сол жерде көптеген спортшыларымыздың жетістіктерін көрдік. 102 мемлекеттің ішінде біздің спортшыларымыздың шоқтығы биік болды. Тағы бір қуанышты жағдай, Президентіміздің ұсынысын бүкіл түркі әлемі қабылдап, келесі 2024 жылғы Көшпенділер ойыны Қазақстанда өтетін болды. Бүгіннен бастап спортшылар тұлпарларын сайлап, жебелерін ұштап, айтулы жарысқа дайындала беру керек», – деді Ерлан Қошанов.
Ерлан Қошанов «Үздік көкпар командасы» аталымы бойынша Ұлттық құрамаға «Алтын тұғыр» мүсінін, диплом және ақшалай сыйлықты табыстады. Көкпардан Ұлттық құрама биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысып, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ «Үздік бәйге аты» аталымы бойынша ат иесі Ұлан Омаров марапатталды.
Аударыспақ спортында 70 және 90 келіден жоғары салмақ бойынша әлем чемпиондары Шыңғыс Ержанов пен Данияр Смайлов үздік деп танылды. Ал «Жыл жаңалығы» аталымын «Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек иеленді.
Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин үш аталым бойынша үздіктерді марапаттады.
«Үздік дәстүрлі садақ ату мергені» аталымында Қанат Қасымхан үздік атанды, Айкөз Ерелхан «Үздік жамбы ату спортшысы» танылды. Теңге ілу бойынша жыл марапаты Бәйдібек Сабыровқа берілді.
Тоғызқұмалақ, асық ату бойынша үздіктерді Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов марапаттады. Тоғызқұмалақ бойынша ерлер арасында Ғалымжан Темірбаев, әйелдер арасында Әсел Далиева үздік спортшы болды. Асық атудан ерлер және әйелдер ұлттық құрамасы үздік команда деп танылды.
Сондай-ақ «Үздік құсбегі» аталымының «Бүркіт» түрі бойынша Бақдәулет Бабажан, «Ителгі» түрі бойынша Таңат Оспанқұлов, «Қаршыға» түрі бойынша Бексұлтан Сейітжан марапатталды. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы президенті Исламбек Салжанов үздік спортшылардың бапкерлерін жетістіктермен құттықтады.
Тоғызқұмалақ спорт түрінен бас жаттықтырушы Серік Ақтаев, құсбегіліктен аға жаттықтырушы Арман Күнтуған, аударыспақтан ұлттық құраманың бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев, теңге ілу спорты бойынша жауапты жаттықтырушы Нұржан Әбілқасымов және жамбы ату бойынша ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Бадашев сыйлыққа ие болды. Көкпардан жауапты бапкер Нұрдәулет Момынов пен Сәбит Қасеновке, асық атудан бас бапкер Жомарт Сабыржановқа да 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!