АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өткен XXX Қысқы Дүниежүзілік Универсиада бәсекесі мәреге жетті. Аталған додаға Халықаралық студенттік спорт федерациясына (FISU) мүше 43 елдің спортшысы спорттың 12 түрінен 86 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олардың қатарында Қазақстан құрамасы бар.

Байрақты бәсекеде ел намысын 78 спортшы қорғады. Оның ішінде биатлоннан – тоғыз, мәнерлеп сырғанау мен конькимен жүгіруден – алты, шаңғымен жарысудан – он төрт, шорт-тректен – он екі, сноуборд, тау шаңғысы спорты, тұғырдан секіру мен қоссайыстан – екі, шайбалы хоккейден 23 студент бар.
Біз үшін Универсиада ойындары сәтті басталды. Жарыстың үшінші күні Вадим Куралес 15 шақырымға жекелей сында алтын медаль еншіледі. Ол төрт оқ ату аймағында бір рет қателікке бой алдырып, аталған қашықтықты 44 минут, 37 секундта бағындырды. Осылайша, алты жыл күткен алтынға қол жеткізді. Сондай-ақ тағы бір отандасымыз Александр Мухин жарысты алтыншы орынмен аяқтады. Александр оқ ату кезеңінде бес рет қателесті.
Оған қоса шайбалы хоккейшілер жарап тұр. Олар осыған дейінгі үш ойында шашасына шаң жуытпады. Оңтүстік Корея құрамасын 5:1 есебімен жеңсе, Венгрияны 9:1 есебімен тас-талқан етті. Бұл аз десеңіз, Ұлыбритания құрамасын 15:1 есебімен жеңіп, Словакия мен өтетін матчты тағатсыздана күтіп жүр. Ұлттық құраманың алдында екі ойын қалды. Егер осы темпті сақтай білсе, жігіттер плей-офф кезеңіне өтеді.
Ел құрамасына алғашқы алтын медальды биатлоншы Вадим Куралес салса, шаңғымен трамплиннен секіруден Данил Васильев чемпион атанды. Васильев бірінші талпыныста 127,2 ұпаймен бірінші орын алса, соңғы айналымда екінші (130,1) болып мәреге жетті. Екі кезеңнің қосындысы бойынша ол аустриялық Максимиллиан Линхерді (251,4) және Тимон Паскаль Кахоферді (248,8) басып озып, 257,3 ұпаймен үздік нәтиже көрсетті.
Ал биатлоншы Бекентай Тұрлыбеков 10 шақырымға спринт жарысында топ жарды. Ол мүмкіндігін мүлт жібермей, атыс сызығында бірде-бір оқты бос жібермеді. Уақыт көрсеткіші – 27:51,5. Осылайша, Тұрлыбеков ел қоржынына үшінші алтынды салды. Бұл сайыстағы екінші орын Бьорн Уэстервелтке бұйырса, үздік үштікті отандасымыз Александр Мухин қорытындылады. Сөйтіп, бірден екі медальға қол жеткен күн болды.
Өкініш те жоқ емес. Мәселен, шорт-трекшілер аралас эстафетадан финалға шыға алмады. Ал ерлер арасында 1 500 шақырымға жарысудан Қазақстан командасының үздігі Әділ Ғалиахметов пен Еркебұлан Шамұханов В финалында сынға түсті. Олар жалпы есепте 11 және 12 орынды иеленген. Ал Ғалым Мәмбетәлиев баптайтын хоккей құрамасы топтық кезенің соңғы матчында АҚШ-тан жеңіліп қалды. Ойын барысында 4:1 есебі тіркеліп, Батырлан Мұратов нәтижелі соққымен көзге түсті.
Жалпы Қазақстан құрамасы Универсиаданың қола жүлдегері атанды. Медаль саны жөнінен Жапония жалпы командалық есепте топ жарды. Оңтүстік Корея мен Канада үздік үштіктен көрінсе, Қазақстан құрамасы 11-ші сатыға табан тіреді. Қоржынымызда 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлде бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!