Орта салмақта күш сынасып жүрген қазақтың танымал кәсіпқой боксшысы Жәнібек Әлімханұлы өзінің келесі кездесуін 5 қарашада АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 37 жастағы Францияның өкілі Хассан Н’Дам Н’Жикаммен өткізеді.

Хассан 1984 жылдың 18 ақпанында Камерунның астанасы – Яундеде дүниеге келген. Әуелі әуесқойлар арасында өнер көрсетіп, 2003 жылы Африка чемпионы атанып, Африка ойындарында күміс медальді иеленген. 2004 жылы Афина Олимпиадасының ширек финалына дейін жетті. Бұл межеде ол ресейлік Гайдарбек Гайдарбековке есе жіберді. Ежелгі Эллада еліндегі ұлы дүрмек аяқталған соң Н’Жикам кәсіпқойлар арасында бақ сынауға бел буған. Өзінің көздеген мақсатына қол жеткізу үшін Францияға қоныс аударып, сол елдің азаматтығын алады.

Хассан Н’Дам Н’Жикамның кәсіпқой рингте жұдырықасып жүргеніне 16 жылға жуықтады. Сол уақыт аралығында ол 42 жекпе-жек өткізіп, 37-сінде жеңіске жетті. 21 қарсыласын нокаутқа жіберді. Айтулы боксшы кезінде Автандил Хурцидзе, Макс Бурсак, Питер Куиллин, Альфонсо Бланко, Рето Мурата, Мартин Мюррей және тағы басқа саңлақтарды сан соқтырды. 2012 жылы Хасан WBO және 2017 жылы WBA нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды. Тағы басқа белді тұжырымдардың алтын белбеуін иеленді. Өзінің спорттық карьерасында француз жігіті тек Питер Куиллин (2012 жылы, төрешілер шешімімен), Давид Лемье (2015, төрешілер шешімімен), Рето Мурата (2017, 7 раундта бәсекені жалғастырудан бас тартты), Каллум Смит (2019, 3 раундта нокаут) және Федор Чудиновқа (2019, төрешілер шешімімен) ғана есе жіберген.

Кәсіпқойлардың Олимпиадаға қатысуына рұқсат беріл­геннен кейін Н’Жикам 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы жарыста бой көрсетті. Бірақ ол алысқа шаппады. Камерун құрамасының сапында 81 кг салмақ дәрежесінде сайысқа түскен Хасан бразилиялық Мишель ди Соуза Боржиске жол берді.

Франция өкілінің атақ-даңқы зор болғанымен, қазіргі кезде ол бұрынғыдай бабында емес. Соңғы екі бәсекесінде Н’Жикамның жеңіліс табуы осы сөзіміздің айқын дәлелі. Оның үстіне, ол екі жылдан бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Иә, Жәнібек Әлімханұлына бұрынғы чемпионға қарсы болса да, жекпе-жекке шығу тиімді. Қанша дегенмен Хасанның атағы бар. Бірақ шыны керек, шау тартып қалған боксшы қазақтың жалындап тұрған жігітін жеңе алады дегенге сену қиын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!