Қадым заманнан атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық ат спорты қарқынды дамуда. Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Алдаберген Бисеновтің 95 жылдығына орай еске алуға арналған облыстық аламан бәйге Жалағаш ауданының Аққұм ауылында ұйымдастырылды.

Жалағаш: Ұрпақтары баба рухын ұлықтады

Ат жарысты аудан әкімі Асылбек Өмірбекұлы ашып берді.

«Сыр бойының ерлерімен бірге ұлан-байтақ далаға жан бітіріп, Отан қоймасына миллиардтаған пұт астық құйған, сөйтіп елде азық-түлік молшылығын жасауда ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Алдаберген Бисеновтің жарқын бейнесі уақыт өткен сайын, зорайып, тау тұлғаға айналып келеді. Себебі қай заманда да ешкімге ұқсамайтын өзіндік болмысымен, еңбегімен, ерлігімен парасат биігіне көтерілген ерлердің жүріп өткен жолы екінші мәрте қайталанбайды. – деген аудан әкімі, соғыс ардагері Алдаберген Бисеновті еске алып, жастарды еңбекке, туған жерді сүюге баулитын игілікті де, сауапты істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

Баптаған сәйгүліктерін бәйгеге қосқан атбегілер қалың көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Сайын даланы дүбірлеткен жүйріктер еліміздің түкпір-түкпірінен келген. Арғымақтар Аламан бәйге, Құнан бәйге, Тай жарыстарында мәре сызығын бірінші кесіп, бірінен соң бірі иелерін сый-сыяпатқа кенелтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!