Иордания астанасы Амманда өтіп жатқан таэквондодан Олимпия ойындарына жолдама беретін Азия құрлығындағы іріктеу жарысында екі спортшымыз финалға шығып, ел қоржынына кезекті Олимпиада жолдамасын салды.
Аммандағы жарыстың екінші күнінде қыздар арасында 67 килодан жоғары салмақта Қазақстан құрамасынан сынға түскен Жансель Дениз жартылай финалда тәжікстандық Мохру Халимованы 12:2 есебімен жеңіп финалға шықса, ерлер арасында бақ сынаған Руслан Жапаров (+80 кг) та қарсыластарын қоғадай жапырып, финалға жолдама алды. Ол жартылай финалда Халықаралық таэквондо федерациясының атынан шыққан ирандық спортшы Амири Али Акбарды 31:20 есебімен ұтты.
Іріктеу жарысының ережесі бойынша, финалға шыққан екі спортшыға автоматты түрде Олимпиада лицензиясы беріледі. Сөйтіп, 2016 жылы Бразилияда өткен Олимпия ойындарында да өнер көрсеткен Руслан мен Жансель өздерінің екінші Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды.
Қазірше Қазақстан құрамасы Жапонияда жалауы желбірейтін Жазғы Олимпия ойындарына жалпы саны 55 жолдама жеңіп алды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!