Қайраткер, еңбек және тыл ардагері Мыхан Ерниязұлының 130 жылдық мерейтойы қарсаңында республикалық палуандар сайысы мен ат бәйгесі өтіп, көкпар ойнатылды.
Ұлттық спорттың төресі саналатын қазақ күресінен бастау алған дода тартысты да қызықты өтті. Боз кілемде белдескен кіл мықтылар арасынан республикалық жарыстың жеңімпазы Қызылорда қаласының палуаны Еламан Ерғалиев марапатталып, 3 000 000 теңге сертификаттың иесі атанды. Ал күміс медаль иегері атанып ІІ орын иеленген Нұрым Сәлімгерейге 1 500 000 теңгенің сертификаты табысталған. Ал қола медальмен және 500 000 теңге сыйақымен Мақсат Исақабылов марапатталды.
Бас жүлде үшін сынға түскен 100-ден аса сәйгүлік арасынан өзара мықтылар анықталды. Додаға қатысқан аттардың ішінде бұған дейін талай қанжығалап, қалың шаңның ортасында шашасына шаң жуытпаған жүйріктер бар.
Дүбірлі дода құнан, тоқ, аламан бәйге болып үш топқа бөлінді. Жарыс құнан бәйгеден бастау алды. Атқан оқтай зулаған 34 сәйгүлік ат спорты алаңын дүбірлетіп 12 шақырым қашықтыққа шапты.
Желмен жарысқан сәйгүліктердің ішінен алғаш болып мәреге Абзал Тұрғанбек тізгіндеген «Лазер» атты сайгүлік жүйріктігін танытып, бірінші болып келді. Ұйым¬дастырушылар тарапынан HYUNDAI I30 маркалы автокөлігін жеңіп алды. Ал Астана қаласынан келген Нариман Оразбаевтың «Жезқара» атты күрең-қасқасы мәре сызығын екінші болып кесіп, 2 000 000 теңгеге ие болса, үшінші орынға Алматы облысы, Іле ауданынан келген Жанқойлықовтар әулетінің «Желкүрең» атты тұлпары тұрақтап, оған 1 000 000 теңге ақшалай сыйақы табысталды. Астанадан келген Олжас Нұрбектің Хамза Амангелді тізгіндеген «Сиетл» тұлпары мәреге төртінші болып келіп, 500 000 теңге сыйақымен марапатталса, алматылық «Көгершін» атты торы сәйгүлікті тақымдаған Болат Әбдукәрім бесінші орынды еншілеп, 300 000 теңге қаржылай сыйақыны жеңіп алды.
Бұдан әрі ат жарыс 20 шақырымдық тоқ бәйгеге ұласты. Аттың тісіне де, түсіне де, жасына да қарамайтын бұл бәйгеде 44 тұлпар бақталасты. Жиналған жұртшылықтың делебесiн қоздырып, қиқулаған дауыстар одан сайын ипподром алаңын жаңғыртты.
Бұл бәйгеде ең бірінші болып мәреге Алматыдан келген «Боец» атты жүйрек топ жарып, HYUNDAI SANATA автокөлігін иеленсе, Астана қаласынан келген «Карсон» атты тұлпар екінші орынға жайғасып, 2 000 000 теңге сыйақымен марапатталды. Алматы облысы, «Қаршыға» атты тұлпарды тақымдаған Бекарыс Бибосын мәреге үшінші болып жетіп, 1 000 000 теңге сыйақыны еншілесе, Абай облысынан келген «Найзақара» атты жүйрігі мәрені төртінші болып кесіп, 500 000 теңге жүлдені иемденді. Ал Ақтөбелік «Норд» есімді текті жануар мәреге бесінші болып келіп, 300 000 теңге қаржылай сыйақымен мара¬патталды.
– Ат спортының қыр-сырын меңгеру, аттың құлағында ойнап, дүлдүл шабандоз болу кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Осыдан бір ай бұрын Сыр елінде дүбірлеген дода болады дегенді ести салысымен, атымызды дайындап, қатысуға бел будық. Бұл бәйге «Боецтің» екінші бәйгесі. Алғашқысы Талдықорған қаласында өтіп, одан да жүлделі орынды жеңіп алған болатынбыз. Тұяқ тұяқты жібермейді. Қаншама чемпионаттарды басып озып жеңіске жеттік. Осы салада жүргеніме 32 жыл уақыт болды. Бүгінгі бәйгеде ұтқан көлігім 59-ыншы көлік. Осы уақытқа дейін талай үлкен жүлделі сайыста жеңіске жеттім. Менің басты мақсатым – осы ат спортын одан әрі дамытып, болашақта ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру, – дейді ат иесі Ғалымжан Нұрбаев.
Той қызығы соңында демекші, ат бәйгенің де ең қызығы – аламан бәйге. Шын жүйрік тұлпарлар 30 шақырымдық аламан бәйгесінде анықталды. Көпшілік асыға күткен бәйгеге 25 ат қосылып, 15 айналым бойынша жарыс жолына шықты.
Шоқ жұлдыздай ағып келген “Жұмыртұяқ” аламан бәйгеде бас жүлдені иеленіп TOYOTA HIGHLANDER автокөлігін жеңіп алса, Алматы облысы, Қарасай ауданынан келген Аңсар Арыстанбек тақымдаған «Мамайқара» есімді жүйрік екінші орынды иеленіп, HYUNDAI SANATA автокөлігі бұйырды. Алматы облысы, Іле ауданынан келген Абзал Тұрмыс тақымдаған Жанқойлықовтар әулетінің «Тұмар» атты тұлпары Қазақстан чемпионатында тоқ бәйгеден бас жүлде иеленсе, араға бір апта салып, аламан бәйгеден үшінші орынды еншілеп, 2 000 000 теңге ақшалай сыйақының жеңімпазы атанды. Төртінші орынға Астана қаласынан келген Әлихан Қайыржан тақымдаған «Бақторы» аты тұрақтап, 1 000 000 теңгені еншілесе, Ақтөбе облысы, Қобда ауданынан келген Әлихан Сайлауғали «Самұрық» есімді сәйгүлікті тақымдап бесінші болып мәре сызына жетіп, 500 000 теңге иеленді.
Екі күнге созылған шаралар легінің келесі күні Сыр сәйгүліктері ғана қатысқан аламан бәйге болды. Бәйгеге 22 ат қатысып, бақ сынады. Бірінші орынды Аққыр ауылының Жанасыл Бекболат есімді шабандозы тізгіндеген «Ақкөз» есімді тұлпар иеленіп, HYUNDAI І20 маркалы автокөлігін ұтып алса, екінші және үшінші орынға Арал ауданы, Қызылжар ауылының атбегілері баптаған жүйріктер тұрақтап, қаржылай сыйақымен марапатталса, төртінші орынға «Ақбөкен» есімді арғымақты тізгіндеген Әсет Кенжетайұлы 500 000 теңге ақшалай сыйақымен марапатталды. Бесінші орынға Қазалы ауданы, Абай ауылынан келген Дінмұхаммед Тәңірбергенов тақымдаған «Спартак» есімді сәйгүлік тұрақтады.
– Жылқыны бағып, баптап, бәйгеге қосу да – үлкен өнер. Өнер болғанда да қанға сіңетін қасиет. Асқан қызығушылықпен жылдар бойы ден қойып үйренбесе, сырын оңайлықпен аша алмайтын ғылым. Менің ат саласына келгеніме екі жыл ғана уақыт болды. Десек те менің әкем, атам осы салада елеулі қызмет етіп, ат баптап, талай бәйгелерде жүлделі орын иеленген жандар. Әке жолын қуып менде осы салаға келдім. Ақкөзді былтыр Тараз қаласынан сатып алып, биылдан бастап бәйгеге қосқан болатынбыз. Бүгінгі бәйге Ақкөздің биыл қосылған үшінші бәйгесі. Жуырда Қызылорда қаласында сәуір айында үлкен ас беріліп, бәйге өтті. Сол бәйгеден Ақкөз жүлделі І орынды иеленіп, алғашқы темір тұлпарды ұтқан болатын. Бүгінгі ұтқан автокөлік екінші көлігіміз. Алда бір аптадан кейін өтетін сабантойға қатысуға ниеттіміз, – дейді ат иесі Мақсат Мейрамбекұлы.
Тартысты бәйгеден кейін қазақтың қанына сіңген қасиетті, дәстүрлі ұлттық ойыны көкпарға ұласты. Ойында жігіттердің күш-жігері, төзімділігі, батылдығы мен ептілігі сынға түсті. Ұлттық спорттық ойындарды дамытып жастар арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа ауданға қарасты ауылдардың ат құлағында ойнайтын білекті де жүректі 100-ге тарта шабандоз қатысты. Мыхановтар әулетінің ұйымдастыруымен тартысты да қызықты өткен ұлттық ойында салым салған шабандоздар ақшалай сыйақы иеленіп, Мәдениет ауылынан Гелендваген есімді тұлпарымен қатысқан Самат ағамыз NIVA автокөлігінің иесі атанды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!