Ақпараттық заманның дамыған шағында медиа саласы табыс көзіне айналды. Бұл қатарға блогер, мобилография, SММ және тағы да басқа интернетпен байланысты мамандықтарды тізе беруге болады. Соңғы жылдары әлеуметтік желідегі маркетингтің мәртебесі өсіп, қабілетті жастардың, студенттердің жолын ашуда. Осы тұста бұл мамандықтың қыр-cырымен танысу үшін SMM маман Айнұр Досжановамен тілдескен едік.
– SMM маманы болу үшін арнайы білім қажет пе? Бұл саланы игеруге кімдер қабілетті?
– Мен университетте оқимын. Студент болып жүріп те өзімді қаржымен қамтамасыз еткім келді. Сұранысқа ие салаларды қарап шықтым. Қазақстанда қарқынды дамып жатқан әлеуметтік желідегі маркетингтің SMM маманы болу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Мұндай мамандар маркетинг, аналитика және шығармашылық ойлау дағдыларына ие. Бар болғаны YouTube желісі арқылы керекті бейне сабақтарды қарап шығып, жақсы камера мен қиялға ерік бере алсаң болғаны. Біліктілігімді жетілдіру мақсатында «I teach me 7.0» бағдарламасына өтінім беріп, алғашқы кезеңінен өттім. 3 айлық курсты оқып, кейін жұмыс табу да аса қиындық тудырмады. Әлеуметтік медиа саласындағы алғашқы жобам – балалар киімін сататын дүкен. Әлі күнге дейін жаңа трендтер мен әдістерді үйреніп, белсенді түрде дамытудамын. Айта кететін тағы бір жайт, бұл салада бәсекелестік жоғары. Болашағынан зор үміт күттіреді. Кәсіпкерлер үшін бизнестің жанданып, ел назарында болғаны маңызды. Ал тауарды қызықты контентпен жарнамалап, өтімді етуге SMM мамандар пәрменді. Сонымен қатар олар тартымды әрі қызықты пост жазуға қабілетті болуы тиіс. Себебі көгілдір экран сыртындағы көрермен ұзақ мәтінді оқығанды ұнатпайды. Оның орнына нақты және керекті ақпаратты шолып шыққанды дұрыс көреді. SMM мамандар сізге бұл мүмкіндікті бере
алады.
– Табысты мамандық екенінен хабардармыз. Айына қанша қаржы табуға болады және қанша уақытты қажет етеді?
– SMM саласындағы ең аз айлық – 150 мың теңге. Сондай-ақ өзіңе ыңғайлы уақытта және қашықтықта айналысуға мүмкіндік береді. Студент немесе бірнеше жұмыста істейтін жандар үшін ыңғайлы екені сөзсіз. Бастапқы уақытта тәжірибе жинау өте маңызды. Ол кезде алатын айлық та аздық етуі мүмкін. Бірақ өмірдің кез-келген саласында кездесетін бұл қиындықты кемшілік деп санау, әсте қате болар. Менің жалақым 150 мың, алайда бұған дейін бұл салада өтілім болмағандықтан, мен үшін бұл жақсы айлық деп білемін. SMM мамандарына әрдайым білім жетілдіріп отырған жөн. Жаңа трендтерден қалуға болмайды. Таным кеңістігі барынша кеңейген сайын жұмыс сапалы бола бермек. Яғни сіз секілді маманға да сұраныс арта түседі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!