Уақыт жылжып, қоғаммен бірге құнды­л­ық­тар да құбылуда. Дегенмен ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас әрбір «кішкентай мемлек­ет­тің» негізі десек болады. Осы орайда №1-ші кәсіби отбасылық психолог, Отбасы Акаде­мия­сының негізін қалаушы Ержан Мырза­баевпен әңгіме өрбіткен едік.

Жасыратыны жоқ, қазіргі балалар телефонға тәуелді. Кейбір ата-ана үшін үлкен мәселе. Шешімі бар ма?
– Смартфонды дұрыс қолдану, балалардың телефонға тәуелділігі қазақстандық ата-аналардың біразын мазалайды. Осыған қатысты тікелей эфирлерде де көптеген сұрақ қойылып жатады. Смартфон – заманның талабы, қазіргі кездегі маңызды қажеттіліктің бірі. Онсыз өмір сүре алмаймыз, алайда баланың қолына ұстатып, не қылсаң да өз еркің деуге болмайды. Әрбір ата-анаға 18 жасқа толғанға дейін баласының телефоны 24 сағат қолжетімді болуы керек. Алғаш телефон сатып әпергенде баламен келісімшарт жасаған жөн. Телефон – ең алдымен байланыс, жұмыс істеу мен қауіпсіздік құралы, білім алуға мүмкіндік. Кез келген сәтте байланыс орнатуға мүмкіндік болуы тиіс. Яғни, алдымен осындай келісім жасаймыз.
Балалар телефонның бетіне құпия сөз орнатып жатады. Ескерте кетейін, осындай сәтте ата-аналар бірден ұрыс шығарып, шошып жатады. Бірақ құпия сөзді ата-анаға қарсы емес, әдетте достарына, сыныптастарына қарсы қояды. Галереядағы бір суретті көрмесін, жеке телефонымды ұстамасын деген мақсатпен құпия сөз орнатуы мүмкін. Ата-ана баланың телефонындағы құпия сөзді білуі шарт. Сонымен қатар ол қандай браузерді қолданады, не көреді, нені іздейді, ютуб желісінде кімдерді тыңдайды, осының барлығы бақылауда болғаны жөн.
Жас ата-аналар білетін шығар, технология дамып, ақпарат алу оңайлаған сайын балалардың қандай контент көретінін бақылауға алатын «ата-ана бақылауы» деген атпен түрлі бағдарламалар, қосымшалар жасап шығарылуда. Мәселен, Family link қосымшасы. Өзім де ата-ана болғандықтан, тәжірибемде бар. Аталған қосымша арқылы қызым мен ұлымның телефонына бақылау орнатып, тіпті, телефонды нешеден нешеге дейін ұстайтынына дейін арнайы уақытты белгілеп қоя аламын. Екеуіне де таңғы 07:00-ден кешкі 21:00-ге дейін рұқсат берілген. Яғни, таңғы жетіге дейін, кешкі тоғыздан кейін телефоны автоматты түрде өшіріледі де, қара экран орнайды. Тек шұғыл қоңыраулар ғана қабылданады. Сондықтан балам телефоннан айырылмайды деп уайымдайтын ата-аналар осы бастан аталған қосымша қолданып көргені жөн.
– Бала ата-ананың алдында қарыздар ма?
– Абай атамыз оныншы қара сөзінде «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?» деп тереңінен толғайды. Әрине, тұтас ұлтқа кінә тағу оңай. Бірақ өмірде әртүрлі көзқарастағы адамдар бар. Кейбіреулер, әсіресе, үлкен буын бала ата-анасына қарыз, оның алдында парызы бар деп санайды. Алайда баланы дүниеге әкелу, оған саналы, сапалы өмір сыйлау, тәрбие беру – ата-ананың, екі адамның ортақ шешімі. Мәселен, мен сізге 1000 теңге берсем, сіз маған қарыз болмайсыз. Ал егер сіз алдыма келіп, сол ақшаны сұрап алсаңыз, қарызбын деп есептейсіз. Енді ойлап қарайықшы, балалар ата-анасынан «мені дүниеге әкелші» деп осы өмірді сұрап ала ма? Бұған қатысты «Капернаум» деген фильм бар. Бірінен кейін бірін дүниеге әкеліп, оларға не материалдық жағдай жасамаған, не оқытып, білім бермеген ата-анасын басты кейіпкер сотқа береді. «Мені дүниеге әкелгені үшін» деп айыптайды. Меніңше, мұның бәрі баланы өмірге әкеліп, менің алдымда қарыз деп өсіргеннен болады.
Психолог ретінде баланың ата-ана алдында ешқандай қарызы жоқ екенін айтқым келеді. Өйткені балаға өмір сыйлау – ортақ шешім, таңдау. Баламыз бізге тиесілі емес, оның да өз өмірі бар, мамандық пен жар таңдауға қатысты жеке көзқарасы бар. Біз тек оны сүйе аламыз, махаббатымызбен бөлісіп, тәрбие беріп, сапалы өмір сыйлай аламыз. Құндылықтарын қалыптастырып, адам, тұлға ретінде өзін тануына жол ашамыз. Әрине, бала ретінде ата-ананың алдында жауапкершілігіміз бар, сый-құрметіміз бар. Бірақ қарызымыз емес. Ата-ана мен бала бір-біріне қарыз болғаны үшін емес, жай ғана себепсіз жақсы көргені үшін, махаббатымен бөлісу үшін қарым-қатынас жасауы тиіс.
– Әңгімеміздің ауанына қарай тағы бір сұрақ туындап отыр. «Әр баланың өз несібесі бар» дейміз. Алайда баланы жоспарлау қаншалықты дұрыс?
– Әрине, жоғарыда атап өткенімдей, баланы дүниеге әкелу «екіншісі қашан» деген қоғамның, «ұл» сұраған ата-ененің емес, екі адамның ортақ таңдауы болуы тиіс. Бірінен кейін бірін дүниеге әкелген отбасыларда шамамен балалардың арасы 1-1,5 жас болады. Осы сәтте әр балаға жеке көңіл бөлу, махаббатыңды сыйлау, жеке шекара деген маңызды дүниелер аяқ астында қалады. Дәл қазір ата-ана болуға дайынбыз ба, жоқ па? Бұл сұрақты бірінші баладан бастап әр ата-ана өзіне қойып, талқыға салуы керек. Мәселен, әйелі оқу оқыса, күйеуі кәсіп бастап жатыр немесе жаңа үйге көшуіне аз уақыт қалды. Мұндай кезде бәрін ақылға салып, саралап, ата-ана ретінде екінші баланың өміріне де жауапкершілік ала аламыз ба? Мүмкін, жаңа үйге көшіп жүргенде, салқын тиіп қалатын шығар. Оған көңіл бөліп, қарай алмайтын шығар. Осындай сыртқы, ішкі факторлардың барлығын есепке алу керек. Балалық шағы болмаған балалар қаншама. Әсіресе, қазіргі ересектердің ата-анасы жұмыста, 6 баланы асырау керек. Кішкентай кезінде әкесімен не анасымен сөйлесуге дағдыланбаған. Көмек сұрап, алдыма келіп отырады. «Жасым 30-да, 40-та, анаммен сөйлесе алмаймын» дейді. Қандай өкінішті!
Бірінші бала ата-анасынан тәуелсіз, өзі қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткенде ғана екінші баланы жоспарлау керек. Яғни, біріншісі 3 жасқа жеткенде емшектен шығып, өзі тамақ іше алады, су сұрай алады, балабақшаға барып, басқа балалармен, социуммен байланысқа түсе бастайды. Жоспарлау жүктіліктен басталады. Демек, 3 жасқа жеткенде келесі баланы жоспарласа, 4 жасты толтырғанда дүниеге әкеледі. Сонымен бірге әйелдерде екіқабат кезінде, баланы өмірге әкелген соң «стресс» болуы мүмкін. Осы жылдар аралығында физикалық жағынан да, психологиялық жағынан да денсаулығы қалпына келіп, қайтадан ана атануға дайын болады.
– Әдемі әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!