Берікбол ӘБДІБЕКОВ,

Абылай хан атындағы жоғары колледж

директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Білімнің дамуына атсалысып жүрген мамандардың көбі жастар болғанмен, ерте жасында басшылық лауазымға отырғандарды саусақпен санауға болады. Солардың бірі Абылай хан атындағы жоғарғы колледж директорының орынбасары – Берікол Әбдібеков. Берікбол қазір жастармен жұмыс жасап, оларға тәлімгерлік жол көрсетуде. Білім беру саласында жас та болса, бас болып жүрген Берікболдың «Ақмешіт жастары» басылымына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

– Студенттер әлі де онлайн білім алуға мәжбүр. Сабақ үлгеріміне бұл қаншалықты әсер етеді?

– Қоғамда болып жатқан жағдайға байланысты карантиннің сақтық шараларын қатаң сақтау мақсатында тек 1 және 4 курстың білім алушылары ғана оффлайн білім алып жатса, ал 2 және 3 курс студенттері онлайн түрде білім алуда. Колледж оқытушылары Platonus  автоматтандырылған жүйесі арқылы өздерінің видеосабақтарын түсіріп, оқушының түсінуіне барынша жағдай жасап жатыр. Бұл сапалы білім беруге деген жасалып жатқан  мүмкіндік. Әрбір студентпен кері байланыс жұмысы жүргізіліп отырғандықтан,  сабақ үлгерімдеріне ешқандай қауіп-қатер жоқ деп айтуға негіз бар.

– Онлайн тәрбиені қалай түсінуге болады?

– «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп ұлы ойшыл Әбу-Насыр Әл Фараби айтқандай, тәрбиенің  өскелең ұрпақ үшін маңызы жоғары. Сондықтан онлайн түрде оқытудың формасы жүргізіліп жатқан жағдайға қарамастан, зум платформасы арқылы жан-жақты бағытта тәрбие сағаттары жүргізіліп, топ жиналысы жасалынуда. Қандай жағдай болса да, бала тәрбиесіне барынша жауапкершілікпен қарауымыз тиіс.

– Бүгінде ата-ана жұмысы еселенді. Мұғалімге қойылатын талап та баршылық. Әйтеуір ата-ана мұғалімнің жұмысының қиын екенін сезді. Сіздіңше қалай?

– Қазіргі оқыту формасының талабы бойынша ата-аналармен бірігіп, тығыз жұмыс жасау қажеттілігі туындауда. Сондықтан әрбір топ жетекшілері баланың уақытын сапалы өткізу мақсатында ата-аналармен бірлескен түрде жұмыс жасауда. Мұғалімнің жұмысы қиын деп жатамыз, бала тәрбиелеу ата-ана мен мұғалімнің тығыз жұмыс жасауының арқасында жүзеге асатын ауқымды процесс екенін естен шығармаған жөн.

– Колледжде ауданнан оқитын студенттер бар. Оларда онлайн емтихан тапсырарда қиындықтар болмады ма?

– «Абылай хан» атындағы жоғары колледжінде ауданның білім алушылары көп, дегенмен олардың білім алуына барынша мүмкіндік жасалуда. Интернет желісінің мүмкіндігі төмен аудандарда оқитын студенттердің ата-анасымен байланыса отырып, оң шешім қабылдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондықтан онлайн емтихан тапсыруда қиындықтар орын алған жоқ.

– Жасыратыны жоқ, “мұғалімннің жалақысы көбейді” деп мұғалім болуға асығатындар қатары артып барады. Кәсіби маман қандай болу керек?

– Мұғалім болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін мамандық. Сондықтан оның қиындығы мен қуанышы қатар жүретіні сөзсіз. Бүгінде педагог мәртебесі артып, қоғамда өзіндік жақсы жаңалықтар орын алып, жалақылары өсіп, мүмкіндік жасалуда. Дегенмен, сәйкесінше талап та күшейтілуде. Сондықтан кәсіби тұрғыда үнемі білімін жетілдіріп, заман ағымына сәйкес әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы үнемі ізденіс үстінде жүруді талап ететін маман ғана жақсы мұғалім бола алады.

– Әр колледжде кітапхана бар. Студенттердің кітап оқуға қызығушылығы қандай?

– Жасыратыны жоқ, қазіргі интернеттің дамыған заманында кітап оқитын жастар өте аз. Сондықтан олардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында  оқытушылардың ұсынысымен әртүрлі бағытта 100 оқулық колледж кітапханасына алынды. Бұл жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Әрине, ол бағытта колледж оқытушылары жан-жақты бағыт-бағдар беру арқылы нәтижелі жұмыс жасауда.

– Тіл мәселесі қашанда өзекті. Қайтсек қазақ тілінің мәртебесін көтереміз?

– Қай ұлттың болмасын баға жетпес құндылығы ол – тіл мәртебесі. Сондықтан тілге деген құрмет, ана тіліне деген махаббат отбасынан басталуы тиіс деп ойлаймын. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», деген сөзді үнемі өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге тырысамын. Жүрегі қазақ деп соққан әрбір сәулелі жас бұл тақырыпта өзіндік жауапкершілікті сезінуі қажет.

– Білуімізше колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарысыз…

– «Абылай хан» атындағы жоғары колледж директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүргеніме биыл үшінші жыл. Іс-тәжірибем аз болса да, жасап жатқан жұмысыма деген жауапкершілігім өте жоғары. Әрбір маман өз ісіне жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана нәтижеге жетеді. Сондықтан  жауапты қызметке лайықты болып, әрбір баланың жүрегінен жол табу – мен үшін басты мақсат!

– Берікбол сізді мұғалім ретінде танимыз. Ал еріктілікке қалай келдіңіз?

– Ерікті жастармен тығыз жұмыс жасайтындықтан, бұл бағыт мен үшін таңсық емес. Сондықтан колледж директоры Дүлдүл Руслан Кажденбекұлының қолдауымен үнемі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, еріктілер қатарынан көрініп жүргеніміз біз үшін – азаматтық міндетіміз деп білемін.

– Автоволонтерлікте қандай қиындықтар бар?

– Айтарлықтай қиындық бар деп айта алмаймын, «сабақты ине –сәтімен» дегендей, әрбір бастама жауапкершіліктің арқасында жақсы нәтижемен аяқталып жатады. Ол үшін қоғамды, адамдарды үлкен жүрекпен қабылдап, жақсылық жасауға ықылас болса жеткілікті дер едім!

– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!