Фархад ОРЫНБАСАРОВ, жас кәсіпкер:

‒ Фархад, «Well coffeе» жобасы қалаға келмес бұрын, Қытайда кәсіп бастағаныңыздан хабардармыз. Әңгімемізді «аспан асты еліндегі» кезеңдерден бастасақ. Қытай халқынан көп нәрсе үйренген боларсыз…

    ‒ Қаладағы №101 мектепте білім алып жүрген уақытта физика-информатика тақырыбында ғылыми жобалар жазумен айналыстым. Ал мектеп бітірер тұста ІТ саласы бойынша Қытай халық республикасының білім грантын жеңіп алып, оқуға түстім. Қытайдың Ухань қаласында бес жылға созылған студенттік кезең басқа мәдениет, өзге орта болған соң керемет өтті деп айта аламын. Қытай халқы білімге өте құштар. Мысалы, ел ішінде кітапхана көп десек те, 11-20 қабатты кітапхананың өзінен орын табу қиын болатын. Қытайда жүрген кезімде біршама кәсіпорын, зауыттарда жұмыс жасап, бизнес модельдерді үйрене бастадым. Одан бөлек кайдзен жүйесіне дағдыландым, себебі қытайлықтар жұмыс сапасы мен уақытқа аса қатты мән береді. Ухань қаласының өзінде 10 миллион халық тұрады, сондықтан бәсеке біздегіден әлдеқайда жоғары.

Кәсіп бастауда, жалпы қай істі болсын формула арқылы жасау керегін түсіндім. Мысалы, мектепте қанша жыл бойы ағылшын тілін оқысам да тіл үйрену деңгейім мақтанарлықтай болған емес. Бірақ Қытайға барған екі айда қытай тілін жетік меңгеріп алдым. Сонда түсінгенім, адам жаңа нәрсені үйрену үшін оған мәселе қажет. Адамға бір нәрсе шынымен қажет болса, ол мәселені мимен қоса жүрекпен қабылдайды. Осылай адам өзіне дағды қалыптастырып, білімді де тез сіңіре алады.

‒ «Well coffeе»-ні идеядан бизнеске айналдыруыңызға не әсер етті?  Қазір кофеханалардың саны көбейгенін ескере отырып,  «Well coffeе»-нің артықшылығын сұрағым келіп отыр…

‒ Білім мен ғылым саласында жүрген соң шетелге шығуға, эксперимент жасауға инвес­тиция қажет бол­ды. Ал бізде оған қолдау көрсете алмайтын еді. Сондықтан кәсіп бастау қажеттілігі туындады. Екіншіден кофені ерекше жақсы көретін болған соң кофейня ашамын деп шештім.

«Well coffeе»-ге дейін пластик жасап шығарумен айналыстым, одан бөлек мұғалімдерге информатика саласы бойынша курс өткіздім. Сол аралықта екі кітаптың авторы атандым. Біріншісі, қытай тіліндегі HSK тестін тапсыруға арналған 600 беттен тұратын сөздік жасап шығардық. Екінші кітап «Қытаймен бизнес» деп аталды. Алғашқы кезеңде Қытаймен бизнес жасаған соң, кәсіп бастаудың тиімді тұстарын, екі ел арасындағы нарық айырмашылығын және жас кәсіпкерлерге тілашар түрінде бастапқы ережелермен бөлістік.

Кофейняға келген кезде де курс үйренбей-ақ, бизнес бағытын сұрастырып жүріп жұмысымды бастап кеттім. Себебі ағылшында «First fall» деген ұғым бар, яғни «бірінші құла, сонда ғана қателікті түсінесің» деген мағына береді. Сол қағидаға сүйеніп, бизнеске тәуекел еттім. Қазір қалада кофейня саны көп болған соң, бәсекелестердің де болуы заңды. Бірақ мен бәсекелесі жоқ жерге барсам, ең қиыны сол болар еді. Өйткені бәсеке болған сайын нарықтағы айналым үлкейеді, соған сай сала да  дами түседі. Бәсеке көбейген сайын тұтынушылардың кофеге деген қызығушылығы мен сұранысы артады. Мысалы, «Well coffeе»-де қазір күніне орташа есеппен 40-50 кофе стакандары сатылады. Бірақ біз нарықта біріншіміз деп айта алмаймын. Бірінші орында «Global cоffeе» тұр, бізге нарықты солар ашып берді. Кофенің қалаға келгеніне екі жыл болса да, халық тез үйренісіп кеткенін байқауға болады. Статистикаға қарасаңыз, 2018 жылы Дубайдан Қазақстанға 318 тонна кофе түйіршіктері экспортталған, ал биыл бұл көрсеткіш екі есеге көбейіп, 618 тоннаға жеткен. Бұл кофе сферасының дамып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан алдағы уақытта аэропорт жанында, орталық алаң аумағында кофейнялар ашу ойымызда бар, қазір осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.

 «Well coffeе»-ні көпшілік франшиза деп ойлайды, бірақ біз кофейняның дизайнын өзіміз жасадық. Кофейняны ашпас бұрын өте көп анализ жасадық, жалпы жұмыстар үш айға созылды.

‒ Мұнда қойылған кітаптардың тақырыбы да, түрлі жанрда болуы да көпке ұнауда. Жалпы жақсы кітап адам ойымен қатар өмірін де өзгерте алады. Осы орайда өзіңізге айрықша әсер еткен кітаптар жайлы айты­ңызшы… 

‒  Иә, кофейняда  келушіге барынша пайдалы болады-ау деген кітаптар қоюға тырыстық. «Қасым» баспасының, «Мазмұн­дама» қорының әдебиетте­рінен бөлек, шетелдік әдебиеттер де таңдалды. Мысалы, ол жерде адамдардың ойлау жүйесі туралы жазылған «Mindset» кітабы қойылған. Қазіргі қоғамда адамдар әр нәрсені бір ойлайтын болған соң өз бағытын таба алмауда. Адам кәсіп бастамас бұрын психологиялық тұрғыдан бақытты болу керек, сонда ғана кәсібі нәтиже береді. Қазір көбісі бірінші табыс табайын, сосын бақытты боламын деп ойлайды. Бірақ мұндай қағида бойынша жүрген адамда деградация  болады. Өйткені ол көп табыс табуды ғана ойлайды да, нәтиже қалағанындай болмаса өзін жоғалтып алады. «Mindset»  кітабында автор ойлау жүйесін шектеулі және шектеусіз деп бөледі. Қазір қала халқы өте төмен деңгейде, яғни шектеулі түрде ойланады. Бұл дегенміз көп адам белгілі бір қалыппен ғана өмір сүреді. Байқасаңыз, біздің ойлау жүйемізге сыртқы факторлар өте көп әсер етеді. Қазір ойлап қарасам, менің Қытайда емін-еркін білім алып, кәсіп бастауымның бір себебі сыртқы фактордың аз болуында екен. Ешкім мені жұмсай бермейді, өз уақытым өзімде. Өзім қалаған дүниені жасағандықтан менде жаңа нәрсені жасауға, үйренуге деген энергия пайда болыпты.

‒ Қазір кофейня қызметінен бөлек, қандай жаңа жобаларды қолға алудасыз?

‒ Кофейняның екінші нүктесін ашқалы бері бизнесте өзім жіберген қателіктер жайлы кітап жазудамын. Осы орайда форсайттық зерттеу жайлы айтқым келеді. Форсайт ‒ әлеуметтік-экономикалық дамуды ұзақ мерзімді жоспарлау және әртүрлі факторлардың әсерін бағалау әдістемесі. Өнеркәсіптің үлкен болжамын жасауға алғашқы әрекетті 1950 жылдары Rand корпорациясы жасады, кейінірек жапондар 1970 жылдан бастап әр бес жыл сайын технологияның даму болашағы туралы зерттеулер жүргізді. Форсайттық зерттеу барысында сіз бизнес идеяны тіркейсіз, жылдар бойғы нәтижесін  көрсетіп, архивке сақтап қоясыз. Негізі идея ‒ керемет нәрсе. Қазір мендегі идеяны жүз жылдан кейін басқа адам ойлауы мүмкін. Сол кезде ол  форсайттық зерттеуді білмесе, бизнес жолын қайта бастап, қателесуі мүмкін. Соның әсерінен мемлекет те жылдар бойы дамымайды.

Қазір 3Д принтер бағытын дамытумен қатар «Қытай тілін үйренудің ұтымды әдісі» атты әдістемелік құрал дайындаудамын. Сондай-ақ жастар үшін жұмыс жасайтын коворкинг орталығының жобасын жасаудамыз.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!