Қоғамда заңның орындалуы мен азаматтар құқығының қорғалуы, әрине маңызды. Бұл бағытта сот орындаушыларының еңбегі ерекше. Олар сот шешімдерінің уақытылы және заң талаптарына сай орындалуын қамтамасыз етеді.
Бүгін біз Қызылорда облысы, Шиелі ауданында қызмет атқарып жүрген жеке сот орындаушы Талғат Баймағанбетовпен сұхбаттасып, мамандығының ерекшеліктері, жұмыста кездесетін қиындықтар туралы әңгімелестік.

– Талғат, қазір жеке сот орындаушыларының қоғамдағы рөлі қандай?
– Жеке сот орындаушы – сот шығарған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ететін маман. Егер сот белгілі бір шешім қабылдаса, оның іс жүзінде орындалуы өте маңызды. Мысалы, алимент өндіру, қарызды қайтару, мүлікті босату немесе материалдық шығынды өндіру сияқты мәселелер біздің қатысуымызбен жүзеге асады. Сондықтан қызметіміз азаматтардың құқықтарын қорғауда маңызды орын алады.
– Азаматтар сіздерге көбіне қандай мәселе бойынша жүгінеді? Ал алимент төлемейтін борышкерлерге қандай шара қолданылады?
– Көбіне алимент өндіру, несие қарыздарын қайтару, еңбек ақысын өндіру және сот шешімімен белгіленген басқа да міндеттемелерді орындау мәселелері бойынша жүгінеді. Кейінгі жылдары алиментке қатысты істер жиі кездеседі. Өйткені әрбір бала заң бойынша өзіне тиесілі қаражатты алуға құқылы. Ал алимент төлемейтін азаматтарға келсек, алдымен азаматқа ескерту беріледі. Егер ол төлем жасаудан бас тартса, оның банк шоттарына шектеу қойылуы мүмкін. Кей жағдайда мүлкі тәркіленіп, сатылымға шығарылады. Сонымен қатар заңда көзделген жауапкершілік шаралары қарастырылады. Біздің мақсат – жазалау емес, сот шешімінің орындалуын қамтамасыз ету.
– Осы мамандықты таңдағысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
–Заң саласын жақсы меңгеруге, көп оқуға және жауапкершіліктен қорықпауға кеңес беремін. Бұл мамандық оңай емес, бірақ қоғамға пайдасы мол. Егер адам әділдікті бағаласа және адамдардың құқығын қорғауға үлес қосқысы келсе, бұл өте қызықты мамандық.
–Рақмет!
Сұхбаттасқан Назым Тұрматова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!