Қала ішіндегі өмір өз ырғағымен өтіп жатқанда, біреу көмекке мұқтаж болуы мүмкін. Осындай сәтте алғаш болып жететіндердің бірі – фельдшер.
Кейде жедел жәрдем қызметінің жұмысы сырт көзге көріне бермейді. Сондықтан Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының қызметкері Жасұлан Мыңжасаровпен бірге бір күндік кезекшілікке шығып, осы мамандықтың тыныс-тіршілігімен таныстық.
1986 жылы Қызылорда қаласында дүние ге келген Жасұлан Қайырбекұлы бұл салада 2007 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде ол жүз деген емес, мыңдаған шақыртуға барған. Әңгіме барысында оның медицинаға кездейсоқ келмегенін аңғардық.. Анасының осы салада жұмыс істеуі, бала кезден көргені мен түйгені бұл жолды таңдауға әсер еткен. «Адамдарға көмектесу – бұл жай ғана жұмыс емес», – деді ол қысқа ғана.
Кезекшілік басталғаннан кейін көп күттірмей алғашқы шақырту түсті. Көлік ішінде бәрі үйреншікті көрінгенімен, әр қимыл нақты әрі жылдам орындалды. Алғашқы шақыртуда ішімдік ішкен азаматтарға байланысты түсті. Барған сәтте бір адамның жүрегі ауырып отырғаны, ал екіншісінің эпилепсия дертімен есепте тұрғаны белгілі болды. Алғашқы көмек көрсетіліп, жағдай реттелгендей көрінген. Алайда көп ұзамай сол мекенжайдан қайта шақырту түсті. Бұл жолы науқаста құрысу ұстамасы басталды.
Жасұлан Қайырбекұлы мұндай жағдайдың себеп-салдарын да түсіндірді. Алкоголь созылмалы сырқатты ушықтырып, ұстаманы қайта қоздырған. Мұндай сәтте ең бастысы − құрысуды тоқтату. Ол науқасқа қажетті дәрілерді енгізіп, жүрек қызметін тек серіп, кейін ауруханаға жеткізуге шешім қабылдады.
Келесі шақырту − қан қысымы көтерілген егде жастағы әйелге қатысты. Үй ішіндегі уайым бірден сезілді. Әжейдің жағдайы тұрақсыз. Фельдшер қысымды біртіндеп түсіру керек екенін, оны күрт төмендетудің қауіпті екенін түсіндіріп, қажетті ем-шараларды жүргізді. Бірнеше минуттан кейін науқастың тынысы бірқалыпқа келе бастады.
− Жұмыста қан қысымының көтерілуі, жүрек талмасы, демікпе, жол-көлік оқиғалары, құрысу жағдайлары – бәрі кездеседі. Балалардың арасында да шақыртулар көп. Мысалы температура, ЖРВИ, тамағына бөгде зат тұрып қалу сияқты жағдайлар болады, − дейді кейіпкер.
Иә, бір қарағанда біріне-бірі ұқсамайтын түрлі шақырту түседі. Бірақ барлығын өмір сүруге деген үміт біріктіреді.
Кезекшіліктің соңына қарай көлік ішіндегі үнсіздік те басқаша сезілді. Жедел жәрдем қызметі жай ғана жұмыс емес екенін сол күні анық түсіндік. Бұл әр қоңырауға бейжай қарамайтын, әр адамның өмірін маңызды санайтын мамандардың ісі.
Камилла САҒЫНДЫҚОВА, Самал СЕРІКБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!