Нағыз талант жас талғамайды. Бір қарағанда қарапайым көрінетін өнердің астарында үлкен еңбек пен ерекше қабілет жасырынады.

Тоқыма – жіп пен бізден ғана тұрмайтын, жүректің жылуымен, жанның сабырымен тоқылатын өнер. Ол – үнсіз сөйлейтін, бірақ көп сырды жеткізетін тылсым әлем. Бүгінде мұндай нәзік өнерге ден қоятындар сиреп бара жатқандай. Ал көзін жұмып отырып тоқитын адамды кездестірдіңіз бе?

Қызылорда қаласындағы «Сыр жұлдыздары» шығармашылық мектебінде дәл осындай ерекше қабілетке ие кішкентай шебер өсіп келеді. Ол – №15 мектеп-лицейдің 6 «Б» сынып оқушысы Жансая Бақытжанқызы.

Жансая бұл өнерге кездейсоқ келмеген.

– Тоқыма тоқу анамның анасы, яғни нағашы әжемнен келген қасиет деп ойлаймын. Ол да жастайынан кілем тоқып, тоқымамен айналысқан. Мен де қызығушылығым мен бейімділігімнің арқа сында осы салаға бет бұрдым, – дейді жас ше бер.

Көзін жұмып тоқитын жас шебер

Расында, өнерліге өріс кең. Жансая да осы сөз дің дәлелі іспетті. Оның еңбегі тек рухани тұрғыда ғана емес, материалдық жағынан да өз жемісін беріп келеді.

– Иә, түрлі байқауға қатысып, бағымды сынап, әр байқаудан тәжірибе жинауға тырысамын. Ең бірінші жетістігім әлі де есімде. Алматы қаласында өткен республикалық байқаудың бірінші дәрежелі дипломын иелендім. Байқаулардың арасындағы бірінші баспалдағым болғаннан кейін өзіме өте ыстық, – дейді ол.

Жас өнерпаз өзінің жетістіктерінде ұстазының еңбегі зор екенін ерекше атап өтті.

– Бағыт-бағдар беріп, өмірлік кеңестерін де аямайтын, мені өссін, көрсін, тәжірибе жинасын деп барлығын үйретіп жүрген жетекшім Шолпан Кеңесқызына алғыс айтамын. Алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістікке жетіп, жетекшімнің еңбегі мен үмітін ақтағым келеді, – дейді Жансая.

Көзін жұмып тоқитын жас шебер

Тоқыма – Жансая үшін жай ғана өнер емес, жан дүниесінің тыныштығы.

– Тоқыманың заттарын қолға алғанда шаршағанымды лезде ұмытамын, әрі қобалжудан арылуға көмектеседі. Бастапқыда біршама уайымдайтынмын, кейіннен бұл өнер маған шабыт сыйлап, сүйікті ісіме айналды. Ал бүгінде хоббиім табыс көзім, – дейді ол.

Қазіргі таңда Жансая этностиль мен классикалық дизайнда әшекей-бұйымдар тоқып, түрлі тапсырыс қабылдайды. Бұл оның еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының айқын көрінісі.

– Этностиль, классика дизайндарымен әшекейбұйым тоқып, түрлі тапсырыс қабылдаймын. Бұл бір жағынан қалтама түсетін салмақты жеңілдетіп, өзін-өзі ақтайды, – дейді жас шебер.

Көзін жұмып тоқитын жас шебер

Жансаяның бұл таланты – ұлттық өнердің жаңа буынмен қайта жаңғырып келе жатқанының белгісі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, оның алдағы жетістіктері әлі алда екені анық.

Ақбота ҚОЛҒАНАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!