Қайсарлық қазақтың қанында бар қасиет. Тіпті заманында арулар да атқа қонып, бес қаруын сайлаған. Әсіресе қорамсаққа қол салып, жылдамдықпен жебе ататын сұрмерген ер көп болған. Бұған жастана оқыған батырлар жыры мен қисса-дастан дәлел. Бүгінде садақ ату – спорт ретінде жанданып, ұлттық құндылық ұмыт қалмады. Ақсымбат Кәдірқұл да нысананы дәл көздейтін мерген.

– Табиғатты, жазық даланы ұнатамын. Ал атқа мініп, садақ атуға бала күнімнен қызықтым. Тіпті ағаштан садақ жасайтынмын. Сөйтіп Алматы қаласында кәсіби түрде садақ атуды меңгеріп, арнайы сертификат алдым. Конно клубтарға оқ пен садақ сатып, кәсіп бастайын деп жүргенде ұсыныс түсті. Яғни қыркүйек айынан бастап қос мектепте тренермін. 10-14 жас аралығындағы оқушыларды қабылдап, әдіс-тәсілді үйретіп жүрмін. Нәтиже жаман емес. Ашық турнирде бақ сынап, жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген 11 шәкіртім бар, – дейді А.Нұржанқызы.

Сайып келгенде садақ атудың денсаулыққа тигізер пайдасы мол. Смартфоннан бас алмайтын кезеңде көздің көру қабілетін жақсартады. Тіпті омыртқаны түзу етіп, жауырынды қатайтуға көмектеседі. Соған сай денені шынықтыру да маңызды. Жебе де жерде қалмай, нысанаға дөп тию үшін ой шашыраңқы болмау керек. Садақ атуды физика және математика ғылымымен байланыстырудың да мәні бар. Көздеу барысында санада сан түрлі формула құрып, амал қарастырады. Ал ауа-райы, жебе мен жел жылдамдығы, серпіліс пен салмақ физикаға бағыттайды.

– Садақты жай ғана тартып, жібере салуға болмайды. Садақ тартудың өзі өнер. Табандылықты қажет ететіні де рас. Оны бір тарту 24-25 келі жүк көтергенмен тең. Енді үйреніп жатқандар 25-30, ал ересектер 70 либрлі садаққа дейін қолданады. Садақтың түрі көп. Оғы да ағаш, карбон және бамбук болып бөлінеді. Түрлі нысана бойынша республикалық жарыстар өткізіледі. Мәселен, жамбыға 30 метрде атып, дөп тигізу – негізгі шарт. Бойды тік ұстап, тартқан кезде арқаға күш саламыз. Жалпы 1 минутта 10 жебе атамын. Әр қимыл-қозғалыс адамға оң әсер етеді. Спорт пен саулықтың сабақтас болатыны да содан, – дейді садақшы.

Иә, Ақсымбат сәйгүлік мініп, садақ тартқанды жанына жақын тұтады. Тұла бойы табиғаттан нәр алған соң, қиын тұсын да қиыстырып әкетеді. Садақ пен жебенің де жеке салмағы, күрделі құрылымы бар. Оңай көрінгенімен, қажыр мен еңбекті талап етеді.

– Садақ таңдағанда әркім күшіне мән беру керек. Садақ пен жебе бір-біріне сәйкес болғаны дұрыс. Жеке садағымды қазан айында сатып алдым. Хайарен садағын көргенде бірден ауыстырамын деп шештім. Тартылу күші 35 либр, садақ оғының ұзындығы 78 сантиметр, ал оқ салмағы 28 грамм. Жебенің қандай қашықтыққа дейін жететіні либрге байланысты. Өз садағыммен 200-250 метр дейін ұшады. Ал 40 либрмен 500 метрге жеткізуге мүмкіндік бар. Тіпті 90 либрлі садақпен атқанда 1200 шақырымға дейін жеткенін көрдік, – деді ол.

Көшпелілердің иығынан түспеген садақ байырғыдан қалған байлық, нағыз мұра. Тарих таспасынан бері жалғасқан өнер өлмесін дейміз. Жастар қызығушылығы артқан сайын бұл дода да қарсыласты қапы қалдырып, сайыпқыран атанары сөзсіз.

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!