Сақ патшайымы Томиристің, біздіңше айтқанда Тұмарқыздың ізін жалғаған қазақтың жауынгер қыздары жетерлік. Берідегі Әлия мен Мәншүкті айтпағанда, қазақтың хас батырларының жарлары да ерге бергісіз ерекше болмыстың иесі болған. Ел шетіне жау тигенде от басы, ошақ қасында қара қазанның айналасында қалмай, қолға қару алған қаракөздеріміздің еңбегі ел аузында аңызға бергісіз керемет болып айтылады. Бүгінгінің бұрымдылары да бұрынғылардан асып түспесе, кем емес. Солардың бірі ретінде Астанадағы арнайы күштің жауынгері − Фариза Жетпісбаймен сұхбаттасқан едік. Нәзік қолға қару ұстап, көш бастаған қаһарман қыз айтыс сахнасында да танылып, өзінің орамды ойлары мен сөз тіркестерімен танылған.
– Фариза, әскери қызмет қыз балаға қиын емес пе? Әйтсе де өзіңізді көргенде бойыңыздан қазақ қызына тән қайсарлықты байқайтынымыз жасырын емес…
– Қиын емес. Мен жауынгер жыраулар Шалкиіз бен Қазтуғанның, Доспанбеттің жамбасы тиген, марғасқа Махамбеттің, Мұраттың туған топырағынанмын. Айбынды Атырау қай кезде де маған дем береді. Осындай қасиетті жерде кіндігім тамған соң, бір қолыма қару, бір қолыма домбыра ұстау заңдылық болар… Жайықтың жағасында өскен Атыраудың перзентімін.
– Фариза – ақын, Фариза – жауынгер… Осылай жалғастыра берсек… Фаризаны тағы кім деп айта аламыз?
– Фариза – қолбасшы… Осылай десек, жарасады. Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ. Қолбасшы болуды армандаймын. Елдің рухын көтеріп, даңқын асырғым келеді.

– Қоғамда «Мен – патриотпын» деп, айғайлап жүретіндер көп. Бірақ бітірген ісі жоқ. Ал сізді қазақтың Мәншүгі мен Әлиясындай айтады. Сіз ұлтқа қызмет деген ұлы міндетті қалай сипаттар едіңіз?
– Біз кейде «батыр» деген сөзге қарап үстіне әскери форма киген немесе чемпион болған спортшыны, болмаса костюм киіп өзінше бірдеңе бітіріп жүрген адамдар «патриотпын» деп ұрандағанда айтамыз ғой. Шын мәнісінде «батырлық», «ұлтқа қызмет ету» деген ұғым мен сезім екінің біріне бұйыра бермейді.
– Отан қорғау – сіз бен біздің мойнымыздағы ұлы міндет. Жыл сайын комиссариатпен сұқбатта әскерге баруға құлшыныстың төмендігі мәселе болып шығады. Бұған не себеп деп ойлайсыз? Көпшілік әскердегі уақыттың есесіне табыс тауып, еңбектенгенім жақсы дейді. Әлде материалдық құндылықтың соңына түсіп кеттік пе? Қай жерден қателестік?
– Меніңше, бұл ұлы ұғым ана тілден бастау алады. Мысалы, маған келіп бір қолбасшы, «Здравствуйте, госпада» десе, менің қызмет етуге құлшынысым болмай қалады. Ал «Армысыңдар, менің жауынгерлерім! » деп ана тілімізде нағыз батыр қолбасшылардай келіп амандасса, менің рухым тасып кетеді. Бәлкім, осындай мәселелер жинала келе, үлкен түйткілге айналатын шығар… Сол үшін жастар келгісі келмейтін болар. Қазақ жастарының бәрі жасық емес қой. Егер әскерде шынымен қазақи код болса, қолбасшылар ана тілінде сөйлесе келетін шығар…
– Арнайы жасақта сізге қыз деп еркелетіп қарай ма, әлде жауынгер атын иемденіп, ерлермен бірге иық теңестіре жүресіз бе? Қызметте мен қыз емес, жауынгермін деп санайтын сияқтысыз…
– Біздегі жұмыс жынысқа бөлінбейді. Отанды жыныспен емес, жүрекпен сүйеді. Қызметте солай, үйде – ерке қызбын.

– Жігіттерге үндеу жаздыңыз. Сізге кері байланыс жасағандар болды ма?
– Иә, кері байланыс болды. Болғанда қандай… Көшеде үлкен кісілер қарғап кетті. Көп жігіттен боғауыз сөздер естідім. «Өзің қызмет ете бер, біз бармаймыз» дегендер болды. Ал сол пікір білдіргендердің жеке парақшасына кірсек, соқталдай-соқталдай қазақтың жігіттері, білдей батыр болатын тұлғалар…
– Айтыста да орныңыз ерекше. Жазба ақын ретінде қандай өлеңдеріңіз бар?
– Айтыс деп жүріп біраз уақыт өлең жазбай кетіппін…. Төрт жылдан кейін жазған өлеңім осы…
Жабығайын деп, сағынайын деп, Сен жаққа ұзақ қараймын. Бәрінен сосын арылайын деп, Шашымды үнсіз тараймын. Өзімді өзім түсінбей мүлде, Айнама қарап үңілем. «Бәрі де өзім үшін» деймін де, Асқақтығымнан түңілем. Дәл осы сәтім – дара жастығым, Түтінге толы шылымым. Бұлдыр сағым мен аралас түтін, Тұншығып жатыр бұрымым. Жүректі биік қойып қарашы, Табылар содан тілегің. Қаттысың ғой деп айыптамашы, Нәп-нәзік менің жүрегім. Оп-оңай мені жылата салу, Бұл – саған ғана тән қылық. Биіктен төмен құлата салу – Махаббаттағы заңдылық! Тағдыр ма бізді тоғыстыратын, Жоқ әлде жанар, көзіміз?! Араны жақын, алыс қылатын, Тек қана мына өзіміз. Ендігі бәрі адыра қалсын, Мұңаюға жоқ уақытым. Елімнің қамы, жерімнің қамы – Дәл қазір менің бақытым! Ендігі мені таң қалдырмайды, Махаббат, тіпті өлім де. Жүрегім сені арман қылмайды, Көзіме енді көрінбе…
– Тамаша. Ақын да, батыр да Фариза! Сәттілік қашан да серігіңіз болсын!
Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!