Бейбіт өмір – адам баласының өміріндегі басты құндылықтардың бірі. Таңның тыныштығы, бейқам күлкі, қарапайым күндердің қайталануы – мұның бәрі кейде бізге қалыпты көрінеді. Ал сол өмірдің ар жағында соғыстың суық көлеңкесі тұрғанын көпшілік сезіне бермейді. Бір кезде от кешкен, оқтың ортасында қалған жандар үшін бейбіт күн – жай ғана уақыт емес…

Таулы Қарабақ қақтығысы – тарихта «қақтығыс» деп жұмсартып айтылғанымен, талай тағдырды талқандаған, сан ананы перзентінен, талай баланы әкесінен айырған қасіретті кезең. Бұл – картадағы шекара үшін ғана емес, адам жанының төзімі сыналған, үнсіздік пен үрей қатар жүрген уақыт еді. Сол жылдардың шындығын біз көбіне дерек пен дата арқылы ғана білеміз. Ал шын мәнінде соғыстың бет-бейнесі – оны көзімен көргендердің жүрегінде сақталған естеліктерде.

Біз Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан ұрыс қимылдарының ардагерлері, сол кезеңнің тірі куәгерлерімен сүбелі сұхбат құруды шештік. Кейіпкерлеріміз – Қызылорда облысы бойынша Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан ұрыс қимылдарының ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Төлегеновпен, сондай-ақ ұрыс ардагері Асылбек Ахметияұлын сөйлетуді жөн көрдік.

– Болатбек Шымбайұлы, әңгімені соғысқа дейінгі өміріңізден бастасақ. Қарапайым күндеріңіз қандай еді? Сол кездегі армандарыңыз туралы айтып беріңізші.

Болатбек Төлегенов: – Шынын айтсам, соғысқа барамын деген ой мүлде болмады. Әскерге дейін қарапайым ауылдың баласы болдық. Әрқайсымыздың арманымыз, мақсатымыз, қызығушылығымыз болды. Бала болып ойнап, бейғам өмір сүрдік.

Десе де жастайымнан соғыс ардагерлерінің батырлығынан патриоттық рухты сезіп өстім. Ардагерлердің медальдарын көріп, сол кісілер секілді Отан қорғайтын жасқа жетсек екен деп есеюге асығушы едік. Бірақ олардың көргенін өзім де сезінемін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген.

Ресейде оқып жүрген кезімде академиялық үзіліс алып әскерге кеттім. Сол кеткеннен 2 жылға дейін ұрыс алаңында болдым.

Таулы Қарабақ: "Біз соғыспадық, біз соғыстың сорпасында қайнадық"

– Қақтығыс басталған сәт, әскерге аттану қалай болды? Таңдау болды ма?

Асылбек Ахметияұлы: – Әскерде саған таңдау берілмейді. Бұл – сол уақыттың бұлжымас қағидаларының бірі еді. Қайда бұйырса, сол жаққа аттанасың.

1988 жылы Қызылордадан әскер қатарына шақырылып, Қырғызстан аумағындағы әскери бөлімге түстім. Қатардағы жауынгер ретінде маған жүктелген міндетті үнсіз атқарып жүрдім. Сол кездері өмірімнің бағытын күрт өзгертетін сәттің соншалықты жақын тұрғанын сезбеппін де.

1989 жылдың қаңтар айы. Түнгі сағат 22:30 шамасы. Бізді аяқ астынан сапқа тұрғызды. Қару-сайман түгелденіп, ешқандай артық түсініктеме берілместен, Әзірбайжан мен Армения арасындағы шиеленісті реттеуге аттанатынымыз хабарланды. Бұл – соғысқа ұмтылу емес, керісінше, соғыстың алдын алу миссиясы еді. Біз ешбір тараптың сойылын соқпадық, тұтқиылдан шабуыл жасайтын мақсатымыз болған жоқ. Біздің міндет – екі елдің арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен тежеу, қан төгіске жол бермеу. Бірақ түсінгенім, біз соғыспасақ та, соғыстың сорпасында қайнадық.

Барлығымызды белгіленген бір орынға жеткізді. Онда үлкен казарма орналасқан екен. Әр қиырдан жиналған сарбаздар. Түріміз бөлек болғанымен, мақсатымыз ортақ еді. Сол жерде үш күн аялдадық. Кейін бізді «ЗИЛ» жүк көліктеріне тиеп, таудың етегіндегі қыстауларға алып кетті. Мен сол жерде жеті айдан астам уақыт болдым.

Қыстаудағы күндер әскери тілмен айтқанда «зачисткамен» өтті. Яғни, халықтың қолындағы қару-жарақты тәркілеу, қауіптің алдын алу жұмыстарымен айналыстық.

Сол күндердің бірінде Мегрей станциясында болған оқиға жадымда мәңгіге сақталып қалды. Бұл жерде казарма жоқ, сарбаздар не палаткада, не пойыз вагондарында түнейді. Біз әдеттегідей тамақтанып отырған сәтте жер сілкінгендей дір ете қалды. Бір сәтке бәрі тына қалғандай болды.

Қаруымызды қолымызға іле сала, оқиға орнына қарай жүгірдік. Кейін белгілі болғандай, Бакуге бет алған жолаушылар пойызы төрт шақырымдық туннель арқылы өтуі тиіс болған. Алайда жолда пойыз машинисіне шабуыл жасалып, бірінші вагон жарылған екен.

Салдарынан талай адам жарақат алып, өкінішке қарай, қаза тапқандар да болды. Жағдай ушығып, қаруланған армян топтары шабуылға дайындалып тұрған. Дәл сол сәтте біз араласып, шиеленісті одан әрі өршітпей, қақтығыстың алдын алдық.

Әзірбайжандық жолаушыларды аман алып қалған сол сәт әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Кейін бұл оқиға туралы баспасөзде де жазылды. Бірақ біз үшін ол жай ғана мақала емес, өмір мен өлімнің арасындағы сәт еді.

Таулы Қарабақ: "Біз соғыспадық, біз соғыстың сорпасында қайнадық"

– Жауынгерлік жолдағы ең ауыр немесе есте қалған сәт туралы айтып берсеңіздер.

Болатбек Төлегенов: – Көп дүние әлі күнге дейін айтылмай келеді. Біз сол қақтығыстардың ішінде талай мәрте шабуылға ұшырадық, қаншама қазақ сарбазы қаза тапты. Ең өкініштісі – олардың соғысқа қатысқанын дәлелдейтін бірде-бір құжат жоқ. Жылдар өте келе архив ақтарып, іздеген деректің бәрін зерттей жүріп, осы шындыққа көзім жетті. Ұмыт қалған тағдырлар, аты аталмай кеткен ерлер бар.

27 мамыр күні болған оқиға жадымда ерекше сақталып қалды. Бұл – сол қақтығыс кезіндегі ең ауыр әрі ұмытылмас ұрыс күндерінің бірі. Қаланың қақ ортасында, бейбіт халықтың көз алдында аяқ астынан қиян-кескі атыс басталды. Оқ жаңбырша жауды. Бірақ бізге қарсы оқ жаудырып жатқандарға жауап қайтаруға рұқсат берілмеді. Сол сәтте сарбаз үшін ең ауыры – қолыңда қару бола тұра, оны қолдана алмау екен.

Біз техника астына тығылып, бас сауғаладық. Әр секунд созылып, мәңгілікке айналғандай көрінді. Жанымызды шүберекке түйіп, үнсіз жаттық. Арада небәрі он минут өтті. Бірақ сол он минуттың ішінде ешкім тірі қаламын деп ойлаған жоқ шығар. Үміт пен үрейдің арасында қысылып қалған сәт еді.

Тек содан кейін ғана оқ атуға рұқсат берілді. Шүріппені басқанымыз сол еді, атыс сап тыйылды. Халық жан-жаққа бытырап, алаң босап қалды. Бірақ әлгі үнсіздік – қорқыныштың жалғасы сияқты сезілді.

Көпшілік бұл оқиғаны жай ғана қақтығыс деп қабылдауы мүмкін. Алайда екі мемлекет арасындағы осы шиеленісте қаншама тағдыр талқандалды. Қаншама ана баласынан айырылып, қаншама бала жетім қалды. Бұл соғыс емес дегенге қалай сенуге болады? Бұл – нағыз соғыс еді. Тек оның аты ғана басқаша аталып кетті. Сондықтан осы қақтығыстың тарихын білу – кейінгі ұрпақтың парызы.

Асылбек Ахметияұлы: – Бір күні Мегрей станциясында жолаушылар пойызына шабуыл жасалды. Бірінші вагон жарылып, адам шығыны болды. Біз дер кезінде әрекет етіп, одан да үлкен қақтығыстың алдын алдық.

Тағы бір ауыр оқиға – 15 адамдық күзет құрамына жасалған шабуыл. Командирге қару тақап, бұйрық бергізіп, қанды шайқас орын алды. Бейбіт күзетшілер қаза тапты.

– Соғыстан кейін айтылмай қалған ойлар болды ма?

Асылбек Ахметияұлы: – Соғыстан кейін тұйық болып кеттім. Мінезіміз өзгерді. Біраз уақыт ішімдікке де әуес болдым. Бейбіт өмірге бірден үйрену оңай емес.

Тіпті әкем қайтыс болғанда жылай алмадым. Кейін уақыт өте келе керісінше сезімтал болып кеттім.

– Бүгінгі жастарға не айтасыздар?

Асылбек Ахметияұлы: – Жастар бейбіт елде өсіп жатыр. Солай жалғаса берсін. Бірақ патриоттық рух әлсіреп барады. Көп жас әскерден қашады.

Әскер – тәртіп мектебі. Ер азаматты шыңдайтын жер. Біздің кезбен салыстырсаң, қазір бәрі жеңілдетілген. Бірақ бәрібір Отан алдындағы борыштан қашпау керек.

– Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке көңілдеріңіз тола ма?

Болатбек Төлегенов: − Бұл соғыстан қайтқанымызға 30 жылдан астам уақыт болды. Алайда күні кеше 2020 жылы еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқасында дәрежемізді Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің статусымен теңестіріп, «Шетел аумағындағы ұрыс-қимыл ардагері» деген атақ берілді.

Алайда жақсылықтың ерте-кеші жоқ, біз дән ризамыз. Көптеген жеңілдік қарастырылған, ескерусіз қалмаймыз. Оған алғыс білдіреміз, қанағат тұтамыз. Алайда әттеген-ай деп қалатын тұсы бар. Осы мәселені көтеріп жүргеніме біраз уақыт болды. Өңірде Таулы Қарабақ ардагерлер қоғамдық бірлестігі бар. Осы жөнінде облыс әкіміне де, қала әкіміне де қаншама өтініш жазып, жеке де кіріп мәселемді жеткізіп жүрмін. Айтып өткеніміздей, бұл қақтығыс туралы мәлімет аз немесе көп жерде айтыла бермейді. Бірақ бұл да бір тарих. Халықтың осы қақтығыс туралы білгенін қалаймыз. Сол себепті осы соғыс ардагерлері мен қаза тапқандардың рухына арнап ескерткіш бой көтерсе деген тілегіміз бар.

– Әңгімелеріңізге рақмет! Аман болыңыздар!

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!