08:00. Қала тіршілігі енді ғана қыза бастаған сәтте «Жастар театрында» жұмыс әлдеқашан басталып кеттті. Қоюшы-суретші Жарқынбек Елеусінұлымен бір күн өткізгенде, мұндағы жауапкершілік пен сахна сыртындағы көзге көрінбейтін еңбектің куәсі болдық.
Кейіпкеріміз − Жарқынбек ағаның бұл салаға келуі кездейсоқ емес. Бұрын қала безендіру жұмыстарымен айналысып, кейін досының шақыруымен «Нартай Бекежанов атындағы драма театрында» төрт жыл қызмет атқарған. Уақыт өте келе шығармашылық ізденіс оны «Жастар театрына» алып келді. Бүгінде ол осы театрдың негізгі тірегіне айналған маманның бірі.
Көпшілік ойлағандай, театрдағы әр күн бірдей қарбаласқа толы емес. Қарапайым күндері Жарқынбек аға сахнадағы декорацияларды реттеп, кем-кетігін түзеп, енді өтетін қойылымдарға дайындық жасайды. Ал нағыз қарбалас, жаңа спектакль дүниеге келетін сәттерде басталады.
− Шығармашыл адамға қатаң тәртіп кедергі келтіреді. Сондықтан бізде жұмыс еркін форматта жүреді, − деді ол.
Жаңа қойылымның дүниеге келуі үлкен ұжымдық еңбек. Режиссерлер, көркемдік жетекші Оңталап Нұрмаханов және басқа да мамандар бірігіп, сценарий дайды. Одан кейін қызу талқылау, пікір талалмасу басталады. Әр деталь өте маңызды, әр шешім жауапкершілікті талап етеді.
Сценарий бекітілген соң, қоюшы-суретшінің жұмысы қыза түседі. Эскиздер сызылып, материалдар таңдалып, сахнаның болашақ көрінісі біртіндеп қалыптаса бастайды. Бұл тек сурет салу емес, ойды көзге көрінетін дүниеге айналдыру.
– Шабыт жоспармен келмейді. Сенбі-жексенбі − демалыс күн деген шартты ұғым жоқ. Шабыт қай кезде келсе, сол кезде жұмыс істейміз, − дейді ол.
Оның ерекше ықыласпен еске алатын қойылымдарының бірі − Еңлік-Кебек. Бұл спектакльде режиссер сахнада шынайы құм болғанын қалаған. Ал оны жүзеге асыру оңай шаруа емес.
− Әр көріністе сахнаға құм төгіп, қайта тазалап отырамыз. Қиын болса да, нәтиже үшін барлығына да барасың, − дейді маман.
Иә, сахна сыртындағы жұмыс әрдайым тәуекелге толы. Қолдан жасалған декорациялар кез келген сәтте сынып кетуі мүмкін. Жарқынбек ағаның айтуынша, осындай сәттердің бірі гастрольдік сапар кезінде болған. Түркістан қаласында өткен қойылымда ағаш конструкция сынып кете жаздаған. «Сахна сыртында тұрып, қойылым біткенше тынысымызды ішке тартып отырдық» деп өткенді еске алды.

Бір күн ішінде біз театрдың тек көрерменге көрінетін емес, көрінбейтін әлемімен таныстық. Бұл тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіс және үлкен жауапкершілік мекені. Қойылым басталғанда көрермен тек актерлерді көреді. Ал сол сахнаның әр бөлшегінде Жарқынбек Елеусінұлы ағамыз секілді мамандардың маңдай тері мен шексіз қиялы жатыр.
Осылайша, «Жастар театрындағы» қоюшы-суретшінің бір күні аяқталды. Бірақ оның шығармашылық жолы мен ізденісі ешқашан тоқтамайды.
Ақерке ДАРХАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!