БҰҰ нашақорлық және қылмыс басқармасы мәліметіне сәйкес, есірткі пайдаланушылардың саны 200 млн адамға жеткен, ол бүкіл жер шарының 3,4 пайызы немесе 15 жас және одан жоғары халықтың 4,7 пайызына тең. Қазіргі таңда 160 миллионға жуық адам каннабистік есірткі пайдаланушылар тобында, 42 млн САР және 14 млн. артығы кокаин, 15 миллион адам апиын пайдаланады.

Галлюцинация әсері бар шөптерді пайдалану тарихы мыңдаған жылдардан бастау алады. Алғашында олар діни және медициналық мақсатта пайдаланылған, одан кейін бизнес құралына айналды. ХVІІІ ғасырда Қытай мен Британия арасында Апиын соғысы деп аталып кеткен екі соғыс болды. 1909 жылы ақпанда Шанхайда апиын комиссиясы жұмыс жүргізді, оның отырысына 13 ел қатысты. Мақсат – есірткі құралын әкелуді шектеу. Бірақ осы күнге дейін есірткінің таралуы және пайдалануы аса маңызды әрі көкейтесті мәселе ретінде күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатта нашақорлыққа қарсы күрес күнін 1987 жылы 26 маусымда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылданды. Осы күні өткізілген Халықаралық конференция барысында ВИЧ ауруының таралуына жол ашатын ине арқылы есірткі қабылдауға қарсы күресу мақсатында бағдарлама даярланды.

Елімізде өткен жылы нашақорлыққа байланысты 9 мыңнан астам қылмыс тіркеліп, 20 тоннадан астам есірткі айналымнан алынған. Мұнымен қоса есірткіні мөлшерден артық қолданған 211 адамның көз жұмғаны да анықталып отыр. Қазақстанда нашақорлық дертіне шалдыққан 52 мыңнан астам адамның 60 пайызы 30 жасқа дейінгі азаматтардан тұрады. Мемлекеттік емес ұйымдардың жүргізген сауалнамасы бойынша, елімізде әрбір оныншы адам өмірінде бір рет болса да есірткі пайдаланған көрінеді.

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні бұқараны есірткі мәселесіне назар аудартуға себепші болып отыр. Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті. Бұл дертті жоюда қызылордалық полицейлердің еңбегі ерен. Мәселен, жуырда Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Самара-Шымкент тасжолының 1383/883 шақырымында Байқоңыр қаласынан Арал ауданына қарай бағыт алған “Ваз-2114” маркалы автокөлігін жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатқан. Тексеру барысында көліктің артқы орындығындағы сөмкенің ішінен полиэтилен пакетке оралған ерекше иісі бар, шөп тәріздес зат анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы жарты келіден астам кептірілген марихуана болып шықты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Одан бөлек, 20 мамырда Қызылорда қалалық ПБ-ның Ақсай полиция бөліміне жергілікті тұрғын өз үйінде есірткі заттарын сақтайды деген ақпарат келіп түсті. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің тұрғылықты мекен-жайына тінту, тергеу әрекетін жүргізу барысында ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес 103 полиэтилен пакет тәркіленді. Тәркіленген заттар сараптама қорытындысымен 10 келіден астам кептірілген марихуана екені анықталды. Сонымен қатар арнайы іс-шара аясында жоғарыда аталған күдіктінің бұл затты жеке пайдалану үшін сақтаумен айналысқаны белгілі болды. Күдікті бұрын ҚР ҚК-нің 300-бабы бойынша сотталып, 2018 жылы бостандыққа шыққан. Қазір күдікті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айта кетейік, аталған қылмыс үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қызылорда қаласы бойынша жыл басынан бері 42 есірткі қылмысы анықталды. Бұл бағытта ішкі істер органдары мен қаланың мүдделі қызметтері, басқа да құқық қорғау органдары арнайы органдармен бірлесіп, қажетті жұмыстарды атқарып келеді. Есірткінің заңсыз алқаптарын анықтау және жою бағытында профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жалғасын табуда.

Жер бетінде миллиондаған өмірді мезгілсіз қиып жатқан нашақорлыққа қарсы күрес әлем мемлекеттеріне ортақ мәселе. Біздің елімізде де нашақорлыққа қарсы ауқымды жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, қоғам дертін түбегейлі жою мүмкін болмай отыр. Бастысы, дерттің жастар арасында таралуына тосқауыл қою мақсатында аймағымызда түрлі шаралар өтуде.

А.ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!