Фото:https://cosmic.net.ua/ua/blog/uhodovaia-kosmetika

Әрине, әр қыз баласы боянып жүргенді жақсы көреді. Жалпы, әдемілік нәзік жанның болмысына жарасатын қасиет. Десе де, боянудың да өзіндік талабы бар. Осы орайда макияж жасаған кезде жиі кездесетін топ 3 қателікті қарастыруды жөн көрдік.

Сән саласының мамандары жиі айтатын қателіктің бірі − теріні дұрыс ылғалдандырмай, тоналды кремді бірден бетке жағу. Егер бет терісін макияжға алдын ала дайындамасаңыз, косметика да дұрыс сіңбейді. Сонымен қатар бетіңіз құрғақ көрініп, макияж тез өшіп қалады. Ең қиыны – жүзіңіз шаршаңқы әрі күтімсіз болып көрінеді.

Ал мұндай болмасын десеңіз, макияж жасағанға дейін бетіңізді жақсылап жуып, ылғалдандыратын крем жағып, 35 минут күтіңіз. Егер уақытыңыз аз болса, ылғалдандыратын тонер немесе мист қолдансаңыз болады. Бұл теріні жұмсартып, тоналды кремнің біркелкі жағылуына көмектеседі.

Осыдан он шақты жыл бұрын трендте болған қалың қас есіңізде ме? Ал, міне, бүгінде қасты тым қою немесе тым қалың етіп бояу күнделікті жасалатын макияжбен үйлеспейді.

Қас – беттегі ең маңызды элементтің бірі. Бірақ кейде қасты тым қара, қалың немесе өткір сызықпен сызады. Мұндай макияж жүзіңізді қатал әрі жасанды етіп көрсететінін ұмытпаған жөн.

Қасыңыз табиғи көрінсін десеңіз, спули щеткасымен жұмыс істеуді ұсынамыз. Ол қастың формасын дұрыс көтеріп, артық жерін боямауға көмектеседі. Алдымен қастың ортасы мен ұшын бояп, кейін щеткамен тараңыз. Сонда қас табиғи әрі жұмсақ көрінеді.

Қателіктердің қатарында өнімді шамадан көп қолдану да бар. Кейде бетке шыққан дақты жасырамыз деп боянуға арналған заттарды өте көп жағамыз. Кейбірі контурды, кейбірі сүйкімді көрінемін деп румянаны көп жағады. Десе де, өте қалың жағылған өнім бір бірімен баттасатынын ескеру керек. Әсіресе, күнделікті макияжда бұл қателік жиі кездеседі.

Бүгінгі «Кеңес» айдарында айтарымыз осы, оқырман!

Самал СЕРІКБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!