«Отбасы күні» мерекесіне орай «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» бірлесе ұйымдастырған, «Qyzylorda» телеарнасының ақпараттық қолдауымен өткен телевизиялық реалити сайыс қорытындыланды.

Сайыс 3 кезеңнен тұрды. І кезеңде отбасылар үйлерінде арнайы жасақталған комиссия құрамының бағалауымен «Үздік отбасылық тағам» дайындау бойынша сайысқа түсті. Яғни, әрбір отбасы қазылар құрамын өз шаңырақтарында құшақ жая қарсы алып, дастарханын таныстырады. Мақсат – дастархан мәзірі отбасының жас мүшелерінің қатысуымен дайындалып, олардың мереке күніндегі сүйікті отбасылық тағамына айналуы. Сайыс барысында әр үйдің балалары ерекше белсене атсалысып, ұлттық тағамдардың әзірленуін айтып берді.

Екінші кезең – «Үздік отбасылық өнер» сайысы. Бұл сайыста қатысушылар дастархан басына жиылған қазылар құрамына отбасылық өнерін ортаға салды. Біреуі би билесе, келесі бірі ән айтты. Ал, қалғандары қызықты қойылымдармен қазылар алқасына тамаша көңіл-күй сыйлады. Қорытынды кезең – «Отбасылық эстафеталық сайыс». Аталған сайыста отбасы мүшелері толықтай эстафеталық жарыстарға қатысып, өзара бақ сынасты.
Ал, осы сайыстарға әділ бағасын берген қазылар құрамында облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райгүл Байназарова, Қазақстанның өнер қайраткері, ақын Серік Ыдырысов, облыстық маслихат депутаты Мақсұт Нәлібаев және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры, филология ғылымдарының кандидаты Бейбіткүл Кәрімова болды.

Сайыс қорытындысында қазылар алқасы жеңісті достық пен ынтымаққа беріп, отбасыларға номинациялар ұсынды. Ал, әкелік, аналық жасаған қоғамның танымал өкілдеріне облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің алғыс хаттары табысталды.