Отбасын сақтау – елдіктің белгісі. Өйткені қоғам отбасыдан тұрады. Қазір біз осы отбасы құндылығы дегенді қалай түсінеміз? Отбасын сақтап қалу үшін не істеуге болады? Осы және өзге де сауалдарды тарқатсақ.

Сенім мен қолдау – отбасы қуаты

Елена Рыбина, НЗМ баспасөз хатшысы:
– Жолдасым Станислав екеумізді табыстырған – қазақ тілі. Ол – құрбымның күйеуінің досы. Бір жыл бойы екі жақ екеумізді табыстырғысы келді. Бірақ мен жұмыстан босамай, үнемі кейінге қалдыратынмын. Сөйтіп бір күні достарымыздың туған күнінде алғаш рет кездестік. Қазақша ортада болған соң ба, әлде екеуміз де қазақ тілін негізгі тіл ретінде пайдаланып жүрген соң ба өзара қазақша сөйлесіп кетіппіз. Сөйтіп екі жыл араластық. Шыны керек екеуміз де отбасы құруға асықпадық. Алдымен бір-бірімізді жақсылап танып алайық деп шештік. Уақыт өте келе екеумізде бір-бірімізден болашақ серігімізді көріп, отбасы құруға шешім қабылдадық. Қазан айында ресми түрде заңды некеге құрғанымызға 10 жыл толады. Қиындыпен қуанышты қатар бастан өткеріп келеміз. Барлығын татулық пен бір-біріміз тындай білудің арқасында жеңіп келеміз.
Алғашқы жылдары шыны керек екеуміз де бір-біріміздің алдымызда міндеттіміз деп өмір сүрдік. «Мен былай жасадым, неге ол маған да осылай жасамайды?» деген сияқты. Бірақ уақыт өте келе оның барлығы отбасының беріктігіне кері әсерін тигізетінін түсіндік.


Берік отбасы болу үшін махаббат құндылығын түсіну қажет. Бір-біріне деген сезім шынайы болу керек және оны екі жақта міндетті түрде іште ұстамай, көрсете білу қажет. Бір бірімізге жылы сөз айтсақ, күні бойы энергиямыз тасып, көңілді жүреміз. Махаббат – бір-біріне деген жылы қарым-қатынас, қамқорлық көрсету, үнемі қасында болуға ұмтылу.
Екіншісі – сенім. Бір-біріне сену және балаларыңды да соған үйрету маңызды. Кез-келген қиындықпен, сәтсіздіктермен немесе қандай да бір толғаныс туралы жақындармен бөлісу қажет.
Мейірімсіз де берік отбасы бола алмайды. Өйткені бір-біріне көмек көрсету арқылы жанұя үлкен жетістіктерге жетіп, гармония орнайды.
Балама сөзіне берік, досына адал бол деп айтып жүремін. Себебі қазір бойында қалып­тасқан қа­сиеттер болашағына бағдар.
Бір-бірінің қызығушы­лық­тарын сыйлай білу де маңызды. Өйткені қамқорлық сезінген адам рухани дамып қана қоймай, сүйікті ісінде жеңіске жете алады.
Мен үшін отбасы құнды­лықтары – бұл жанұя­мызда қалып­тасқан заңды­лықтар мен ережелер.
Біздің отба­сы­мызда кез-келген туған күн барлық туған-туыстың басы қосылған отырыста аталып өтеді. Көңілді уақыт өткізуге тырысамыз. Бірге тәтті тағамдар әзірлейміз. Мүмкіндік болса бірлесіп саяхаттауға барамыз.

Үйлену оңай, үй болу қиын…

Назира Мұхатаева, журналист:
– Жолдасым Елжас Әбділдәмен алғаш 2015 жылы таныстым. Ол кезде екеуміз бір мекемеде жұмыс істедік. Әріптестік қарым-қатынас болды, кейін дос болдық, сыйласып, жақсы араластық. Уақыт өте келе бір-бірімізбен жақын араласып кеттік. Ол бір күні сәлемдеспей алдымнан өте шықты. «Бір кісі амандасуды ұмытып қалған ба?» дегенмін. Сол сөзім арқылы ойы өзгеріп, мені ұнатып қалыпты. Қыз бен жігіт ретіндегі алғашқы кездесуіміз Нартай Бекежанов атындағы драма театрдан бастау алды. Сол сәтте алғаш рет қойылым тамашаладым. Театрдан алған эмоция, артистердің сахнаны өзіне бағындыра алатын құдыреті әсер етті. Екеуміз көп серуендегенді ұнататынбыз. Солай жүре келе үйленуге шешім қабылдадық. Ата-анамыздың ақ батасын алып, шаңырақ көтердік. Елжастың «Сүйгеніме қолым жетіп тұрған кезде әрекет етейін» деген сөзінен мені қаншалықты жақсы көретінін сезіндім. Тұрмыс құрмай тұрып отбасылық өмірге өзімді дайындадым. Сүйікті жар, адал келін, қамқор ана болуды армандадым. Бүгінде ұл-қызымыз бар. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді. Десе де тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Елжас маған қатты сенеді, сенім артады. Бізді байланыстырып отырған да – сенім. «Ақылды адамда иман бар, иманды адамда ғибадат бар» деген екен Абай. Иманы бар адам отбасын сақтайды.


Елжастың шығармашылық адамы, ақын екенін түсінуге, қабылдауға тырыстым. Қандай жағдай болсын сенім білдіруге талпындым. Саналы, салихалы ұрпақ тәрбиелеу үшін қолдан келгенін жасап жатырмыз.


Отбасын құрмай тұрып ұлға да, қызға да әке-шешесі үйрету керек. Отбасының маңызын, жауапкершілігін, алда не күтіп тұрғанын сезіндіру керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда ажырасу көп. Мұның салдары шаңыраққа жылулық жетіспеуінен. Ер адамның бар жауапкершілікті, істі әйел адамға жүктей салуынан басталады. Себебі әйел адам өзінің нәзіктігін жоғалтпау керек. Нәзіктік – әйелге тән дүние.

«Отбасылы адамдар табысты болады»

Азамат Спанов, фотограф:
– Біз бір-бірімізге серік екенімізді түсінгенімізге көп уақыт болды. Келіншегім Әсел – өте ибалы, инабатты жан. Отбасын құрмас бұрын менде жоғары білім мен жақсы жұмыс болу керек деген ұстанымдар мен қағидалар болды. Әйеліңіз бен бала үшін жауапкершілік алу керек. Сол үшін тойдың алдында әйеліме ештеңем де жоқ екенін айттым. Қазір өскелең ұрпақ алдымен көлік, пәтер алу керек, содан кейін отбасын құруды ғана қалайды деген ұстанымда.

Дегенмен, әртүрлі социологиялық зерттеулер көрсеткендей, отбасылы адамдар көбінесе табысқа жетеді. Олардың денсаулығы жақсы, мансаптық өсу үшін көбірек мүмкіндіктер бар. Өйткені қасыңда сені әрқашан қолдайтын отбасың бар. Мені барлық жағынан қолдайтын адам – әйелім. Сонымен қатар, объективті бағалау қажет болғанда, ол сыни тұрғыдан қарап, өз пікірін тікелей айтады. Бұл маған ойлануға және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Мен жас отбасыларға жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтауға кеңес беремін.

Пікірлерді жинақтаған
М.КЕНЖЕҒҰЛОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!