Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қожа Ахмет Яссауи кесенесің бүгінгі жағдайына тоқталып, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Депутаттың сөзінше, кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатыр. Тұз осы 2-3 жыл бұрын ғана пайда болды. Себебі, кейінгі жылдары мавзолейдің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүрді.  Ғимараттың ішіндегі ылғалдылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетіне қара дақтар пайда болған. Дымқылдан жарылған сылақтар көзге анық көрінеді. Қызметкерлер туристердің төбесінен сылақ түсіп жүрмесін деп, Тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр. 

“Ал, абаттандырудың қызығына кенелген жергілікті әкімдік, мамандардың дабылына құлақ асар емес. Ғалымдардың айтуынша, кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу- қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Өйткені, кесененің алдында тұрған кірпіштер мен астында ғасырлар бойы жатқан қамысты алып тастап, ол жерге жалтыраған бетон гранит тақталар қойған соң ылғал тартып жатқанын айтады. Сондай-ақ, күмбездегі тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапқан. 2021-2022 жылы аталмыш кесенеге зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізген «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «қанағаттанарлық» деп қана баға берген. Мінекей, осындай олқылықтардың кесірінен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр”, – деді Мақсат Толықбай. 

Депутаттың Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында Қожа Ахмет Яссауи кесенесін сақтауға міндеттіміз.  

“Маңғыстауда пір Бекет, Түркістанда Қожа Ахмет деп мақтанатын теңдесі жоқ құрылысымызды 6 күнде жер астына жіберіп алсақ 6 құрлықтың алдында жерге қарайтынымыз анық. Біз көтерген мәселе 2023 жылдың 10-25 қыркүйегінде Сауд Арабия мемлекетінің Эр-Рияд қаласында өтететін Бүкіләлемдік мұра комитетінде талқыланбақ. Алайда, арқаны кеңге салып күтіп отыратын уақыт жоқ.  Сол себепті, Алтай Сейдірұлы, мен сізден кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуыңызды сұраймын”, – деді Мақсат Толықбай. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!