Сан қилы суретшілердің қылқаламынан туған картиналар уақыттың шекарасынан озып, кеңістікке сыймай, біршама ғасырдан кейін бағаланып жатады. Өйткені шынайы өнердің сыншысы уақыт пен талғам болса керек. Фрида Кало – автопортреттерімен танымал мексикалық суретші. Оның құрметіне ғаламдағы бір астероид Кало деп аталса, Фрида АҚШ валютасы – 500 песоға суреті бейнеленген алғашқы әйел болды. «Өнер – адам ағзасындағы жасанды қан» деп білген суретші 47 жыл ғұмырында 100-ден аса картина салған.

Өмірін өнерге айналдырған

Фрида Кало 1907 жылы 6 шілдеде Мехико-Койоакане маңында дүниеге келген. Отбасында үшінші бала боп өскен болашақ суретшінің әкесі фотографиямен айналысқан. Ол 6 жасқа келгенде, полиомиелит диагнозы қойылады. Денесінің кей бөліктері қозғалысқа икемсіз боп қалатын жұқпалы аурудың салдарынан бала Фрида біраз қиындық көрген. Мектепте оны құрдастары «ағаш аяқ» деп мазақтайды. Бірақ қайсар қыз бұған көнгісі келмей, бойын билеген ауруға қарамастан, жүзумен айналысып, ұлдармен футбол ойнаған. Тіпті, бокспен де айналысқан. Мұның бәрі қиындыққа қарсы күресудің жолы болатын.

Болашақ суретшінің өміріндегі тағы бір елеулі оқиға – 1925 жылы 17 қыркүйекте жаңбырлы кеште болған жол апаты. Он сегіз жастағы қыздың мектептен қайтарда мінген автобусы трамвайға соғып, ішіндегі адамдардың көбі сол сәтте көз жұмады. Ол өзі ойлағаннан әлдеқайда көп зардап шекті. Осы оқиғадан кейін омыртқасы мен қос аяғы он бір жерден сынып, отыз екі операция жасалған. Фрида бірнеше ай бойы төсек тартып, қозғалудан қалады. Дәл осы кезден бастап сурет сала бастайды. Әкесі қызының төсек тартқан күйінде сурет салуына жағдай жасап, қажетті құралдарымен қамтамасыз етіп, кереуеттің жанына айна іліп қояды. Осылайша ару алғашқы автопортреттерін сала бастады. «Мен білетін ең жақсы тақырып – өзім. Сондықтан да ылғи өзімді саламын», – деп жазды ол күнделігінде. Оның суреттерінен өміріндегі маңызды сәттерді, сол мезетте не сезінгенін байқауға болады.

Суретшінің жары

Барлық өмірлік сәтсіздіктеріне қарамастан Фрида 22 жасында Мексиканың ең беделді институтына оқуға түседі. Арада көп уақыт өтпей, 1929 жылдың ішінде сол кездегі ең танымал мексикалық суретші Диего Ривераға тұрмысқа шықты. Кәсіби суретші 43 жаста болса, ару 22-де еді. Ерлі – зайыптылардың отбасылық өмірі қиыншылыққа толы болғаны замандастарына жасырын емес. Олар бірнеше рет ажырасып, үнемі қарым-қатынасын талқылап отырған. Көп жыл өткен соң Фрида: «Менің өмірімде екі үлкен апат болды: біреуі – автобус трамвайға соққан кезде, екіншісі – Диегоға тұрмысқа шыққанымда», – деп жазған. Қос талант арасында көпшіліктің ортасында жүргенде туындайтын қызғаныш пен түсініспеушіліктің соңы жиі дауға ұласса керек.

Фрида Кало қайтыс болған соң 1954 жылы жары, суретші Диего: «Өмірімдегі ең ғажайып дүние – Фридаға ғашық болған кезім екен» деп жазып, содан бастап өмірінің соңына дейін әйелінің шығармашылығын насихаттап, кеңінен таратуға барын салды.

Ең қымбат картина

Суретшінің картиналары – өзінің өмірбаяны екенін атап өттік. Автопортреттерден бөлек оның шығармашылығында авторға әсер сыйлаған түрлі тақырып бар. Әр жылы өнерге табынушылар арасында ұйымдастырылатын аукционда Фриданың картиналары көптің құштарлығын оятып, ерекше назарға ілігеді.

Бүгінгі күнге дейін аукционда «ең қымбат» саналған картинасы – «Ақ көйлектегі әйелдің портреті» 2019 жылы Нью-Йорктегі аукционда 5,8 миллион АҚШ долларына сатылған. Бұл туралы Кристи аукцион үйінің сайты ресми түрде жариялап, оның суретші шығармашылығындағы екінші қымбат туынды екенін атап өтті. 1929 жылы салынған картинада ақ көйлек киген қыз бейнеленген. Ақ көйлекті, жұмбақ көзқарастағы кейіпкер кім? Кей дерекке сүйенсек, Кало ұзақ уақыт бойы өзінің американдық досы, суретші Дороти  Фоксты кенепке түсірген. Алайда соңғы зерттеулер суретшінің мектептегі досы, Ресейден келген эмигрант Елена Бодер болуы мүмкін деп болжайды. Сонымен кейіпкердің кім екені әлі күнге дейін жұмбақ. Картинаның құнын арттыратын да осы құпиялылығы сынды.

Айта кету керек, автор атамлыш суретті бояу барысында-ақ оны әйгілі фотограф Лола Альварес Бравоға сыйға тартқан. Содан бері туынды жеке коллекцияларда сақталып келген.

Аурухана көлігіндегі көрме

1939 жылы суретшінің туындылары алғаш Еуропада Париж қаласындағы Мексика өнерінің көрмесіне қойылып, көпшілікке ерекше әсер қалдырған. 1950 жылы омыртқасындағы өзгерістерге байланысты Фридаға қайтадан операция жасалып, мүгедектер арбасына таңылуға мәжбүр болады. Яғни оң аяғы қозғалу қабілетінен айырылып, өз бетінше жүруден қалған. Фрида суретші ретінде біршама танымал болғанына қарамастан, Мексикадағы алғашқы жеке көрмесі қайтыс болуына аз уақыт қалғанда ғана өтті. Аталған көрме 1953 жылы ұйымдастырылып, суретші галереяға аурухана көлігімен келеді. Оң аяғын кестірген оны төсекте отырған күйінде орналастырыпты. Физикалық тұрғыда ауыр жағдайда болғанына қарамастан Фрида осы кеш бойы әзілдеп, өзінің сүйікті әндерін оркестр сүйемелдеуімен шырқап, көңіл көтерген екен.

Автордың туындыларын кейбіреулер фолк-арт бағытына жатқызса, көбісі оны сюрреалист деп таныды. Автопортретте қабағы түйілген, қалың қасты, суық көзқараспен қарап тұрған ару шын мәнінде өмірге ғашық бола білді. Алдынан шыққан қиындыққа қарсы тұрудан туындаса керек, оның шығармашылығында өлім тақырыбы өзінше бөлек орын алды. «Ұйқы», «Екі Фрида» сынды картиналары өлім мен өмірдің арасы бір қадам екенін, ажал қаншалық алыс болса, соншалық жақындығын көрсететіндей. Ең соңғы «Viva la Vida» туындысында кесілген қарбызға «Жасасын өмір!» деп жазған суретші ең соңғы күндерінде де іштегі бұлқыныстарын қылқаламға айтып үлгерді.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!