Қазақстан туристік картадағы өз орнын барған сайын нығайтып келеді. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда шамамен 2 миллион адамға қызмет көрсетілген. Көрсетілген қызметтердің көлемі 69 миллиард теңгеден асып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға артқан. Қызметтердің нақты көлем индексі 104,5 пайызды құрады. Бұл тек бағаның өсуін ғана емес, туристік белсенділіктің нақты артқанын да көрсетеді. Ranking.kz саладағы көрсеткіштерді жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басылымның жазуынша, ішкі туризмнің даму қарқыны ерекше назар аудартады. Осы жылдың бірінші тоқсанында көрсеткіш 3,6 пайызға көбейді. Нәтижесінде ішкі туризм саланың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып, өңірлердегі экономикалық белсенділікті ынталандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын әрі орта бизнестің дамуына ықпал етіп отыр.

Өңірлік көрсеткіштерге тоқталсақ, көш басында дәстүрлі түрде Алматы қаласы тұр. Биыл қаңтар-наурыз айларында мұнда 472,9 мың адамға қызмет көрсетілген. Екінші орынға Астана қаласы орналасса (352,2 мың адам), үздік үштікті Ақмола облысы түйіндеді (161,1 мың адам).

«Курорттық бағыттарға деген қызығушылық та айтарлықтай жоғары. 2026 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша көрсетілген қызметтің шамамен 40 пайызы курорттық аймақтарға тиесілі болды. Нақты есеппен бұл 800 мыңнан астам адамды құрайды. Бұл көрсеткіш рекреациялық туризмнің сала үшін маңызын және ел ішінде демалуға деген сұраныстың жоғары екенін айқын көрсетеді. Мұндай оң үрдіс президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туристік саланы дамытуға қатысты бірнеше рет айтқан ұстанымдарымен үндеседі. Мемлекет басшысы бұл мәселеге 2025 жылғы күздегі жолдауында да арнайы тоқталып, Алматы туристік кластерінің әлеуетін атап өткен және жалпы туризмді дамытудың маңыздылығына ерекше назар аударған болатын. Президент тапсырмаларына сәйкес туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты нәтижелер байқалып отыр. Мәселен, жыл сайын қонақүйлердің, демалыс орындарының және басқа да нысандардың саны артып келеді. Сонымен қатар салада еңбек ететін азаматтардың қатары да көбейіп жатыр», – деп жазады Ranking.kz.

Қазіргі таңда Қазақстанда туристер жиі аялдайтын 4,5 мыңнан астам орында шамамен 31 мың адам еңбек етеді.

Салыстырар болсақ, үш жыл бұрын елімізде туристер тоқтайтын 3,8 мың нысан болған, ал мұнда шамамен 28 мың адам жұмыс істеген. Осылайша аталған кезең ішінде қонақүйлер саны 17 пайызға, ал жұмыспен қамтылғандар саны 12 пайызға өскен.

Қазақстан экономикасына туризмнен 5 трлн теңге түсті

Қазақстан экономикасындағы туризм саласының рөлі жылдан-жылға күшейіп келеді. Бүгінде туризм тек демалыс пен көңіл көтеру саласы ретінде ғана қарастырылмайды. Ол табыс әкелетін, жаңа жұмыс орындарын ашатын және өңірлердің дамуына серпін беретін толыққанды экономикалық секторға айналып келеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша туризмнің Қазақстан экономикасына қосқан үлесі 5 триллион теңгеге жетті. Ал саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3,1 пайызды құрады. Сонымен қатар қазіргі уақытта туризм саласында 600 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл ел экономикасындағы барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 7 пайызына тең.

Бұл мәліметтерді Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жариялады.

Туризм саласы шетел валютасының Қазақстанға жетуіне де елеулі үлес қосып отыр. Министрдің айтуынша, Қазақстанға келген шетелдік туристердің шығындары 2,9 миллиард АҚШ долларын құраған. Сонымен бірге туристік қызметтен түскен салық түсімдері 18 пайызға өсіп, 630 миллиард теңгеге жеткен. Нәтижесінде туризмнің жалпы салық түсімдеріндегі үлесі 2 пайызға дейін артты.

Мемлекет пен жеке сектор туристік инфрақұрылымды дамытуға, көлік қолжетімділігін арттыруға, сервисті жақсартуға және елдің халықаралық деңгейдегі туристік тартымдылығын насихаттауға белсенді түрде инвестиция бөліп отыр. Мәселен, 2025 жылы туризм саласына тартылған инвестиция көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға өсіп, 1,3 триллион теңгеге жетті.

Сонымен қатар «мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік» бағыты бойынша мемлекеттік бюджет шығыстары рекордтық деңгейге көтеріліп, 1,2 триллион теңгені құрады. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады.

Туризмді дамытуда заңға бірқатар түзету енгізілді

Туризм саласын дамытуда заңнамалық базаны жетілдіруге де ерекше назар аударылуда. 2026 жылдың наурыз айында туристік саланы одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар заңнамалық түзету қабылданды. Атап айтқанда, ұйымдасқан туристік топтардың мемлекеттік шекарадан өту уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік беретін туристік автобустарға арналған «жасыл дәліз» тетігі енгізіліп отыр.

Сонымен қатар визит-орталықтар ұғымы заңнамалық деңгейде бекітіліп, оларды құру мен жұмыс істеудің негізгі талаптары айқындалды.

Бұдан бөлек, гидтердің, экскурсия жетекшілерінің және туризм нұсқаушыларының қызметін реттейтін бірыңғай ережелер қабылданатын болады. Бұл туристік қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді деп күтіліп отыр.

Заңнамадағы өзгерістердің тағы бір бағыты балалар және экологиялық туризмді дамытуға арналды. Енді 18 жасқа дейінгі балалар еліміздің ұлттық парктеріне тегін кіре алады.

Жалпы алғанда, саланы дамыту жұмыстары Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған туристік саланы дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Шетелдік туристерді тарту – басты басымдықтардың бірі

Туризмді дамытудың негізгі бағыттарының бірі – шетелдік туристерді көбірек тарту. Осы мақсатта визалық режимді жеңілдету шаралары қолға алынып, халықаралық әуе қатынастары кеңейтіліп, елдің туристік әлеуетін шетелдік нарықтарда жарнамалау жұмысы күшейтілуде.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 84 елдің азаматтары визасыз режимде жұмыс істейді. Ал электронды виза жүйесі әлемнің 102 мемлекетінің азаматтарына қолжетімді.

«Еліміздің көлік қолжетімділігі де айтарлықтай кеңейіп келеді. Қазақстанның халықаралық әуе қатынасы 30 мемлекетті қамтиды. Аптасына 626 рейс орындалып, 135 халықаралық бағыт бойынша тұрақты әуе қатынасы орнатылған. Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды дамыту жұмысы да жалғасып жатыр. Тек 2025 жылдың өзінде Қазақстанда жалпы құны 167,4 миллиард теңгені құрайтын 96 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Бұған қоса, туризм саласына көрсетілген мемлекеттік қолдау көлемі шамамен 7 миллиард теңгеге жетті. Мұндай ауқымды қаржыландыру туризмнің мемлекеттің экономикалық саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін көрсетеді», – делінген зерттеу материалында.

Халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның орны

Қазақстанның туристік саласындағы оң өзгерістер тек ішкі көрсеткіштерден – туристер ағынының артуынан, инвестициялар көлемінің өсуінен және табыстың көбеюінен ғана емес, елдің жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін бағалайтын халықаралық рейтингтерден де айқын көрінеді. Солардың бірі – Дүниежүзілік экономикалық форум жариялайтын Саяхат және туризмді дамыту индексі (Travel & Tourism Development Index). Бұл көрсеткіш туристік инфрақұрылымның даму деңгейін, саланың инвестициялық тартымдылығын және мемлекеттің туризмді тұрақты дамытуға дайындығын бағалайды.

«Қазақстанның аталған рейтингтегі көрсеткіштері тұрақты түрде жақсарып келеді. Егер 2019 жылы еліміз 3,7 балл жинап, 80-орында тұрса, 2021 жылы 66-орынға көтерілді. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 4,1 балл жинап, 52-орыннан көрінді. Осылайша, небәрі бес жылдың ішінде Қазақстан рейтингтегі орнын 28 сатыға көтеріп, аймақтағы мемлекеттер арасында ең қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті. Оның үстіне, бірқатар көрсеткіш бойынша еліміз танымал туристік бағыттардың өзін басып озып, әлемдік туристік нарықтағы позициясын нығайта түскенін дәлелдеді. Жалпы алғанда, халықаралық рейтингтер Қазақстанның Орталық Азиядағы ең перспективалы туристік бағыттардың бірі ретіндегі мәртебесін біртіндеп нығайтып келе жатқанын көрсетеді. Оң үрдісті U.S. News & World Report рейтингінің «Туризм және мәдениет» санаты да растайды. Бұл рейтинг бойынша Қазақстан 2025 жылы 73-орынға ие болып, соңғы үш жылда өз көрсеткішін 11 сатыға жақсартты. Бұл рейтингке енуінің өзі маңызды жетістік саналады. Себебі оған әлемдегі мемлекеттердің шектеулі бөлігі ғана кіреді (шамамен 100 ел), ал көптеген экономикалар бұл тізімде мүлде көрсетілмеген», – делінген басылым материалында.

Сонымен қатар Қазақстанның басқа мемлекеттермен салыстырғандағы бәсекелік артықшылықтары да артып келеді. Осыған дейін Қазақстан аймақтағы бірқатар мемлекеттен, соның ішінде Өзбекстаннан кейін тұрған болса, 2025 жылғы рейтингте көрші елден жеті саты жоғары көтеріліп, Қатар, Бахрейн, Тунис және Вьетнам секілді мемлекеттерді де артта қалдырды.

«Халықаралық рейтингтердегі оң динамика Қазақстанның туристік саласы сандық тұрғыдан ғана емес, сапалық жағынан да дамып келе жатқанын көрсетеді. Дүниежүзілік экономикалық форум индексіндегі тұрақты өсім мен U.S. News & World Report рейтингіндегі позициялардың жақсаруы инфрақұрылымның дамуы, қызмет көрсету сапасының артуы және елдің инвестициялық тартымдылығының күшеюі сияқты жүйелі өзгерістердің нәтижесі болып саналады. Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштер Қазақстанның халықаралық туристік нарықтағы бәсекеге қабілетті туристік бағыт ретіндегі мәртебесін біртіндеп нығайтып, әлемдік деңгейде барған сайын танымал бола түскенін аңғартады», – деп жазды Ranking.kz.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!