Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні. Осыған орай Президент резиденциясы барлық облыстан келген 100 оқушыға есігін айқара ашты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақорданы аралаған оқушылар әсерін бөлісті. Батыс Қазақстан облысынан келген 6-сынып оқушысы Бейбарыс Бақтыбаев Президент кітапханасы ерекше ұнағанын жеткізді.

«Ақордаға бірінші рет келіп тұрмын, қатты ұнады. Өте үлкен, әдемі. Бүгін көп залды араладық. Ең ұнағаны – кітапхана, көп кітап бар», – деді Бейбарыс Бақтыбаев.

7-cынып оқушысы Кирилл Мукоедов Жетісу облысы Текелі қаласынан келген, ол – «Зерде» республикалық конкурсының жеңімпазы.

«Ақорда маған қатты ұнады. Ең ұнағаны – мәрмәр залы. Бұрын бұл туралы ойлап көрмеппін. Ақорданы көргеніме қуаныштымын», – деді ол.

Ал Ақтөбе қаласындағы «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірті Сұлтан Қарағұл Ақорда ауласында күй тартты.

«16-17 наурызда «Ер Едіге» жыр мектебімен әлемдік рекордтар кітабына кірдік. 36 бала кезек-кезек дастандар, пайғамбарлардың қиссасын орындадық. Еңбек пен нәтиженің арқасында Азия, Африка елдері арасында әлемдік рекордтар кітабына кірдік. Бүгін Ақордаға келіп тұрмын. Ақорда – бала кезгі арманымның бірі», – деді жас өрен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!