SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесіне жаңа атау берілді. Елордалық мәслихат депутаттары LRT-ді «Тарлан Астана» деп атау туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Бұл мәселе қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралды. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабектің айтуынша, тұрғындар мен Қазақстан Жазушылар одағының елордалық филиалынан жеңіл рельсті көлікке арнайы атау беру туралы ұсыныстар түскен.

Оның сөзінше, болашақта бұл жүйе қаланың негізгі қоғамдық көлік түрлерінің біріне айналады. Сондықтан жобаны тек техникалық «LRT» атауымен шектемей, елордалықтар үшін есте сақтауға оңай әрі ұлттық сипаттағы атау беру қажет болған.

Атау таңдау мәселесі 2026 жылғы 3 маусымда өткен қалалық Ономастикалық комиссия отырысында қаралған. Комиссия мүшелері «Сұңқар», «Лашын», «Құлан», «Аспан», «Тарлан» секілді бірнеше нұсқаны талқылаған.

Нәтижесінде Astana LRT жүйесіне «Тарлан Астана» атауын беру туралы ұсыныс қолдау тапты.

Шенеуніктің айтуынша, «тарлан» сөзі қазақтың батырлық эпостарымен байланысты және Ер Тарғынның тұлпарымен сабақтас ұғым ретінде қарастырылады.

Осыдан кейін әкімдік қаулысы мен мәслихат шешімінің жобасы депутаттардың дауыс беруіне шығарылып, бастама толық қолдау тапты.

Мәслихат депутаты Бауыржан Смайылов ұзақ уақыт бойы LRT жобасы қоғамда сыни пікірлермен және жемқорлық дауларымен байланыстырылып келгенін айтты. Оның пікірінше, жобаның қайта жанданып, елорданың маңызды нысандарының біріне айналуы жаңа атаудың да маңызын арттыра түседі.

«Тарлан Астана» атауы осы жобаға лайық әрі мазмұнды атау деп санаймын», – деді депутат.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!