Шиелі өңірінің тумасы, 1972 жылы дүниеге келген Ибрайхан Мусаев бүгінде ел ішінде табиғатты сүйетін, көгалдандыруға ерекше көңіл бөлетін азамат ретінде танылып жүр. 8 жыл бокспен айналысып, кейінгі 8 жыл жаттықтырушы ретінде жұмыс істеге ол қазір зейнеткер болса да, қоғамнан шет қалмай, экологиялық мәселелерді көтеріп, елге пайдасын тигізуді мақсат етіп келеді.

          Оның жанына жақын істердің бірі − гүл өсіру. Әсіресе Қызылорда өнірінде сирек кездесетін гүлдер мен ағаштарды жинап, жерсіндіруге ерекше қызығушылық танытады. Бұл істі 2012 жылы тұрақты қолға алған. Қазір өсіріп жүрген гүлдерінің көбі Қызылорданың климаттына бейімделген. Бүгінде үйінде 37 түрлі гүл өсіп тұр.

          Ибрайхан ағаның айтуынша, гүл өсіру тек су құйып, баптаумен шектелмейді. Әр өсімдікке ықылас пен мейірім керек.

– Гүлге жақсы көріп қарасақ ғана жайқалып өседі, − дейді ол.

          Кейбір ерекше гүлдерді шетелден арнайы алдырады. Әсіресе Африкадан келген өсімдіктер ыстықты жақсы көреді, әрі күнделікті күтімді қажет етеді. Соған қарамастан табиғатқа деген сүйіспеншілігі оны ешқашан жалықтырмаған.

          Ибрайхан Мусаев тек гүл өсірумен ғана шектелмейді. Ол ұзақ уақыт қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, 10 жыл депутат қызметін атқарған. Пандемияға дейін ел азаматтарымен бірге ондаған тал-терек отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына үлес қосқан.

Елге қызмет, табиғатқа құрмет

          Өз еңбегі мен қызметі жайлы көп айтқанды ұнатпайтын Ибрайхан  аға қарапайым болмысын жоғары қояды. Дегенмен, еңбегінің жемісі шет елдерге дейін жеткен. Оның өсірген гүлдері Лондон, Париж, Тайланд, Вьетнам, Малазия, Гонконг секілді елдерге таралған.

– Ең бастысы елге пайдам тисе болды – деді ол.

          Бүгінде Ибрайхан ағаның ісі көпке үлгі. Табиғатты аялау, туған жерді көркейту секілді қарапайым істердің өзі үлкен жанашырлықтан басталатынын оның еңбегінен байқауға болады.

Табиғаттың тағдыры,

Бізге келер әр күні.

Жемісімен байытып,

Көркейеді әр күні.

Береке бар жанында,

Табиғаттың занында.

Құрметпенен қарасақ,

Бай боламыз сонында.

Құстар сайрап таң сайын,

Гүлдер ашады әр қырын.

Тазалайық әр күні,

Болашақтың тағдырын.

                                                Бағым ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ,

                                                                      Анар БОРАНБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!