Қазір  халықтың тұрмыс сапасын арттыру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Әсіресе тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен жабдықтау – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды қызметтердің бірі.

Осы бағытта Қызылорда қаласында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Мысалы былтыр қаладағы  көпқабатты 176 тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік қордан 10,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл – тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

 Жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылуда. Бүгінде қажетті құрылғылар толық жеткізіліп, мамандар сыртқы магистральды құбырларды жүргізу, дәнекерлеу және іске қосу-баптау жұмыстарын атқаруда.

   «Асанас-Дар» ЖШС, «Бақ-Береке-2030» ЖШС секілді мекемелер қазір 171 тұрғын үйдің жұмысын жүргізуде.

«Асанас-Дар» ЖШС өкілінің айтуынша, компания 2025 жылдан бері Қызылорда қаласындағы көпқабатты үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асырып келеді. Қазір 116 тұрғын үйде жұмыс жүргізіліп, заманауи ИТП (жеке жылу пункті) мен жылу есептегіш құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар, сыртқы жылу желілерін жаңарту жұмыстары атқарылуда. Мамандардың мәліметінше, барлық жұмыс бір ай көлемінде аяқталып, тұрғын үйлер толықтай ыстық су жүйесіне қосылады. Жоба аясында Словенияда өндірілген заманауи әрі энергия үнемдейтін жабдықтар қолданылып жатыр.

Халық игілігі үшін

 Иә, ыстық су жүйесінің іске қосылуы тұрғындар үшін қолайлы. Біріншіден, суды өздігінен жылытуға жұмсалатын уақыт пен шығыннан құтылады. Екіншіден, санитарлық-гигиеналық жағдай жақсарып, отбасы мүшелерінің денсаулығына оң әсер етеді. Үшіншіден, коммуналдық инфрақұрылымның дамуы қаланың заманауи келбетінің қалыптасуына ықпал етеді.

Халық игілігі үшін

 Қызылорда қаласының жылдан-жылға көркейіп, инфрақұрылымының жаңарып келе жатқанын осындай жобалардан байқауға болады.

       Кәусар ТҰРСЫНХАН,

        Сымбат ОРДАБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!