1 маусым − халықаралық балаларды қорғау күніне орай қалалық мәдени және демалыс паркінде «Бақ орданың бақытты балалары» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Түрлі ойын-сауық бағдарлама, ән мен би, балалардың шат күлкісі саябаққа ерекше сән берді. Паркке кірген бойда мерекелік көңіл күй тек балаларға ғана емес, ата-аналарға да ерекше әсер сыйлады. Кіреберісте мектеп оқушылары әсем күй орындап, қала тұрғындары мен қонақтардың назарын аударды.
Жиынға қатысқан қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Мұхиджан Кәрімбаев кіреберіс қақпадан бастап жағалай орналасқан жас суретшілер мен қолөнер бұйымдары көрмесін, түрлі спорт түрінен өтіп жатқан сайыстарды тамашалады.

Мерекелік іс-шара барысында кішкентай бүлдіршіндер де өнер көрсетіп, би билеп, ән айтып, бірнеше өлең оқыды. Мысалы Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйінің «Балбырауын» домбыра үйірмесінің өнерпаздары Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік концертке келген ата-аналар да мерекенің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Балалар мерекесі құтты болсын! Өмірлер жарқын, болашақтары биік болсын. Ең бастысы, еліміздің ертең болатын жас ұрпақ аман болсын. Концерттік бағдарлама өте жоғары деңгейде өтті. Балалардың тыңғылықты дайындалғаны анық көрініп тұр. Бүгін бұл жерге отбасыммен келдім. Балаларыма жақсы рухани әсер қалдырғым келді, – деді қала тұрғыны.

Мерекелік кеште өнер көрсеткен жас қатысушылар да әсерлерімен бөлісті. Солардың бірі – «Қарақат» мектебінің вокал үйірмесінің оқушысы, 15 жастағы Нақбеков Әбдімұрат.
– Біз бұл концертке мамыр айының ортасынан бастап дайындалдық. Дайындық жұмыстары орталық парк пен театрларда жүйелі түрде жүргізілді. Іс-шара ерекше форматта өтіп, есте қаларлықтай әсер сыйлады. Себебі біздің еңбегіміз бен апайларымыздың қолдауы ерекше сезілді. Ұзақ күткен сәттің ең толқытатын тұсы – сахнаға шығу. Қобалжуды жеңуге көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметі көмектесті. Соның арқасында алғысқа бөлендік, – деді жас өнерпаз.

Іс-шара барысында ұйымдастырушылармен де тілдесудің сәті түсті. Қалалық «мәдениет үйі, клубтар және халықтық ұжымдар» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры Эльмира Канатбаеваның айтуынша, бұл мерекелік іс-шара балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылған.
– Бүгін Қызылорда қаласында халықаралық балаларды қорғау күніне арналған ерекше мерекелік жиын өтіп жатыр. Іс-шара Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен және Қызылорда қаласы әкімінің қолдауымен жүзеге асуда. Мұнда көрермендерден бөлек 700-ге жуық өнерпаз қамтылды. Сонымен бірге қала әкімдігінен үздік оқушыларға планшет, лагерьге демалуға жолдама берілді. Сонымен қатар үздік оқушылар марапатталды. Қаламыздағы «Қарақат» студиясы, «Шабыт» өнер орталығы, қалалық мәдениет үйлерінің өнерпаздары осы сахнада өнер көрсетіп, көпшіліктің ризашылығына бөленуде. Басты мақсатымыз балаларға қуаныш сыйлап, олардың мерекелік көңіл-күйін көтеру, − деді ол.

Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған бұл мерекелік іс-шара балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік берді. Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл күйі мерекенің жоғары деңгейде өткенін аңғартты. Өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету, олардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету қоғамның ортақ міндеті. Себебі бүгінгі бақытты бала ертеңгі жарқын болашақтың кепілі.
Ақнұр АРЫСБАЙ,
Гүлсанам МҰРАТБЕК,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенттері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!