Forbes Kazakhstan журналы дәстүрлі «30 жасқа дейінгі 30» рейтингінің кезекті тізімін жариялады. Оған бизнес, ғылым, технология, білім, спорт, медиа, өнер және қоғамдық қызмет салаларында елеулі жетістікке жеткен жас қазақстандықтар енді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Биылғы рейтингте футболшылар, ғалымдар, кәсіпкерлер, өнер адамдары мен цифрлық контент жасаушылар бар. Басылым мәліметінше, қатысушылар журнал сайты арқылы түскен өтінімдер, сарапшылардың ұсынымдары және редакцияның жеке дереккөздері негізінде іріктелген.
Спорттағы жас жұлдыздар
Рейтингтің спорт санатына қазақстандық футболдың жас таланттары енді.
Олардың қатарында алматылық «Қайраттың» 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев бар. Ол соңғы маусымдардың басты жаңалығы атанып, 2025 жылы Қазақстан Премьер-лигасының үздік ойыншысы болды. Биыл оның Англияның әйгілі «Челси» клубына ауысуы рәсімі жүргізілді. Осылайша, Сәтпаев лондондық клуб сапына қосылған алғашқы қазақстандық футболшы атанбақ.
Тізімге сондай-ақ «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков те енді. Ол 2025 жылы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде жарқын ойынымен көзге түсіп, клубтың еуропалық футбол элитасына шығуына үлес қосты.
Forbes рейтингіне 15 жастағы Карим Меңдіқанов та кірді. Жас футболшы жақында Испанияның «Барселона» клубының жүйесіне қосылып, каталониялық алпауыттың тарихындағы алғашқы қазақстандық ойыншы атанбақ.
Сонымен қатар үздіктер қатарынан Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик пен кәсіби киберспортшы Данил Голубенко көрінді.
Ғылым, технология және бизнес
Тізімге молекулалық модельдеу мен жасанды интеллект саласында зерттеулер жүргізіп жүрген жас ғалым Әділ Қабылда да енді. Оның ғылыми жобалары халықаралық деңгейде мойындалып, Google зерттеу сыйлығына ие болған.
Рейтингте кәсіпкер әрі Concord компаниялар тобының тең құрылтайшысы Алдияр Жұмағұлов, төтенше жағдайда көмек шақыруға арналған AMAN Online сервисінің негізін қалаушы Аружан Меде және митохондрияларды нысаналы трансплантациялау технологиясын әзірлеген Темурхан Аюпов та бар.
Медиа мен өнер өкілдері
Forbes таңдаған жас көшбасшылар арасында халықаралық WIBA Awards сыйлығының иегері, тревел-блогер Дастан Мұхамедрахим бар.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде миллиондаған аудитория жинаған «Жас аспаз» (Юный Повар) жобасының авторы, 17 жастағы Дулат Тантаев рейтингке енді.
Өнер саласында опера әншісі Әйгерім Алтынбек пен сән фотографы Ахат Сабидулла үздіктер қатарынан көрінді.
Басылымның «30 жасқа дейінгі 30» рейтингі 2018 жылдан бері жарияланып келеді. Журнал бұл жобаны Қазақстандағы жас көшбасшылардың жетістігін насихаттайтын ең беделді алаңдардың бірі деп атайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
