Жол – елдің дамуы мен тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруінің маңызды көрсеткіші. Сапалы жол көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, өңір экономикасының дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына да тікелей әсер етеді. Кейінгі жылдары Қызылорда облысында автомобиль жолдарын жөндеу және жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде өңірдегі жол инфрақұрылымы біртіндеп жақсарып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

Алайда жол сапасына қатысты мәселелер толық шешімін тапты деуге әлі ерте. Кейбір көшелерде жөндеу жұмыстарының сапасына байланысты тұрғындар тарапынан сын-пікірлер айтылып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланған жағдайлар да кездесуде. Бұл өз кезегінде қоғамдық бақылаудың маңызын арттырып отыр.

Мәселен, Қазалы ауданындағы Әйтеке би көшесінде өткен жылы жүргізілген орташа жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты тұрғындар бірнеше мәрте шағым білдірген. Арнайы жүргізілген зерттеу барысында асфальт жабындысының кейбір бөліктерінде ыдырау, ой-шұңқырлардың пайда болуы секілді кемшіліктер анықталған. Осыған байланысты мәселе «AMANAT» партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының қарауына шығарылып, жол құрылысы жұмыстарына тұрақты мониторинг жүргізу туралы шешім қабылданды.

Комиссия мүшелері нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының сапасын тексерген. Олар мердігер мекемеге технологиялық талаптарды қатаң сақтау, құрылыс сапасын арттыру және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты ұсыныстар берген. Нәтижесінде мердігер ұйым жолды өз қаражаты есебінен қайта қалпына келтіруге міндеттелді. Бұл жағдай жол құрылысы саласында бақылау мен жауапкершіліктің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Жол сапасы мәселесі тек Қазалы ауданымен шектелмейді. Жуырда Қызылорда облысындағы жолдардың жағдайы мен көлік қозғалысының қауіпсіздігіне арналған сараптамалық жиында да осы бағыттағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Жиын барысында көліктік бақылау жүйесін жетілдіру, инспекциядағы маман тапшылығын жою, техникалық қадағалаушылардың жауапкершілігін күшейту және ақылы жолдардың сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін қараусыз жүрген малдарға арналған арнайы қоралар салу, жол белгілерін көбейту, көшелерді жарықтандыру деңгейін арттыру, қыс мезгілінде қар тазалау техникасының санын көбейту мәселелері көтерілді. Сарапшылардың пікірінше, аялдамаларға қорғаныш темір бағаналарын орнату да жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолдарының бірі болмақ.

Кейінгі жылдары өңірде атқарылған жұмыстар да аз емес. 2022 жылы облыс көлемінде 360 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөнделді. Бұл жұмыстар «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту» және «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында жүзеге асырылды. Ал 2025 жылы 126 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сапаны бақылау үшін цифрлық жүйелер мен арнайы зертханалар қолданылды.

2026 жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасты. Облыс бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. Қызылорда қаласы мен оған қарасты кенттерде бірнеше көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп, «Қызылорда – Жезқазған» автожолын жаңғырту жобасы қолға алынды. Сонымен қатар жаңа көпірлер салу және жолдарды кеңейту жұмыстары жүзеге асырылуда.

Дегенмен, жол сапасы тек жаңа асфальт төсеумен ғана өлшенбейді. Оның ұзақ мерзімге шыдамдылығы, қауіпсіздігі және құрылыс талаптарына сай орындалуы басты назарда болуы тиіс. Сондықтан қоғамдық бақылау, техникалық қадағалау және мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттыру маңызды болып қала береді.

Жалпы, Қызылорда облысында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі жолдардың жағдайы айтарлықтай жақсарғанымен, сапа мәселесіне қатысты бақылауды әлсіретпеу қажет. Себебі сапалы жол – тұрғындардың қауіпсіздігі мен өңірдің тұрақты дамуының кепілі.

Ернияз Әлішер,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің  студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!