Өкінішке қарай, демалыс кезінде су айдындарында қайғылы оқиға жиілейді. Сондықтан судағы қауіпсіздік ережелерін білу және сақтау өте маңызды.
Сондықтан қалас тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жұмыстар жүргізілуде. Қауіпті аумақтардағы профилактикалық жұмыстардың барысын бақылау мақсатында төтенше жағдайлар қызметі мамандарымен бірге іссапарға шықтық.
Қазір қала аумағында суға түсуге рұқсат етілген екі коммуналдық жағажай жұмыс істейді. Ал одан бөлек суға түсуге қауіпті деп танылған 16 учаске анықталған. Бұл аумақтарда күн сайын рейдтік жұмыстар ұйымдастырылып, құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары кезекшілік атқаруда.
Қызылорда қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Елдар Есенгелдиевтің айтуынша, рейд күн сайын сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Егер азаматтар белгіленбеген жерде суға түссе, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік хаттама рәсімделеді.

Маманның сөзінше, құқық бұзушылықтардың басым бөлігін жасөспірімдер жасайды. Әсіресе күннің ыстық уақытында балалар достарымен қауіпті аймақтарға барып, суға шомылуға тырысады. Мұндай жағдайлар көбіне түскі 13:00-14:00 аралығында байқалады.
Төтенше жағдайлар қызметі ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Өйткені кәмелетке толмаған баланың әрекеті үшін заң алдында ата-анасы немесе заңды өкілі жауап береді.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, биыл қала аумағында суға байланысты оқыс оқиғалар тіркелмеген. Бұл жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижесі.
Мамандар тұрғындарды тек рұқсат етілген жағажайларда демалып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Ескендір БАХРАДИН
Абай АСҚАРҰЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!