Қазақстан үкіметі табиғи апаттардан тұрғын үйді міндетті сақтандыруға қатысты заң жобасын 2026 жылға арналған жоспарынан алып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған ақпаратқа қатысты Үкімет өзі қаулы шығарған. 

“Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 30 желтоқсандағы №1181 қаулысымен бекітілген 2026 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарына мынадай өзгерістер енгізілсін: аталған жоспардағы 7 және 8-тармақтар алып тасталсын. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді”, – делінген Үкімет қаулысында.

Бұған дейін жоспардың 7-тармағында “Табиғи апаттардан тұрғын үйді міндетті сақтандыру туралы” заң жобасы болған.

Ал 8-тармақта “Табиғи апаттардан тұрғын үйді міндетті сақтандыру, сақтандыру нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы қарастырылған еді.

Екі заң жобасы да биыл тамыз айында Парламент қарауына енгізіледі деп күтілген еді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!