Бүгін ұлы ақын, ойшыл тұлға Абай Құнанбайұлының туғанына 178 жыл толды. Биылғы күнтізбеден де Абай күні мерекесі ойып тұрып орын алды, ол елімізде айрықша атап өтілуде. Бірте-бірте ұлы ақынның даңқы жер жүзіне әйгілі болатындай деңгейге жеттік. Ол алдымен, Абайдың теңдессіз кемеңгерлігінің арқасы.

Абай мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі бөлек. Себебі, Абайды оқыған сайын жаңарып, тазара бересің. Тереңіне бойлаған сайын ойлана түсесің. Мына сұлу дүние есігін ашып, рухани құндылыққа ұмтылғысы келген әрбір адам Абайдың шығармаларымен етене танысу керек. Сыр жастары Абайға деген құрмет оның шығармашылығына терең бойлаудан тұрады деп біледі. Рухани жетілу үшін ғұламаның өмір жолын, оның түрлі аудармаларымен жақынырақ танысуды жөн санайды. Сонымен қатар түрлі интеллектуалды байқауларда шыңдалып, әдеби кештерде ақын өлеңдерімен сусындап, рухани азық жинауда. Ал, ол ақынның адами құндылықтар тұрғысынан айтқан ой-пайымы бүгінгі уақыт өлшемімен қарасақ та өзекті екенін айғақтайды.
Қазір ақынның еңбектерін халықаралық ғылыми айналымға енгізу үшін бірқатар жұмыс қолға алынуда. Оның шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып, баспаға әзірленді. Бұл кітаптар жүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени орталықтарына жіберілді. Бірқатар шетелдік аудармашыларға, Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушыларға мемлекеттік награда берілді. Сонымен қатар шетелдегі елшіліктер жанынан Абай орталықтары ашылды. Ақын шығармашылығын жүйелі зерттеу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті жанынан Абай академиясы құрылғаны да есте.
Бірақ жұртшылықтың жүрегін елжіреткен жаңалық бұл емес. Көп кешікпей Абай облысының құрылуы қазақтың атын әлемге әйгілеген қасиетті топырақты қастерлеуге шақырған батыл қадам болды. Мұның алдында Президент Семей қаласын еліміздің тарихи орталығы деп тану жөнінде бастама көтерген еді. Тағы бір атап өтерлігі, Абай облысының Шығыс Қазақстаннан бөлініп, ұлы ақын есімін иеленуі – М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толуымен орайлас келіп, Президент шешімінің әділеттілігін таныта түсті. Ұлы жазушының мерейтойына орай Абай облысына келген сапарында Мұхтар Әуезов пен абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішінің ашылуына қатысқаны да семейліктер үшін тарихи оқиға болып есте қалды. Президент сол айтулы іс-шарада қос тұлғаның қазақ руханиятындағы алар орнын ерекше атады.
«Ұлыларға қарап ұрпақ өседі» демекші, Абай шығармашылық мұрасында, өлеңі мен қара сөздерінде жастар мәселесіне ерекше назар аударған. Оның жастардың білімге ұмтылуы, еңбек етуі, рухани тұрғыдан кемелденуіне байланысты ой-тұжырымы аз емес. Ол қара сөздерінде білім мен өнерге, кәсіп қылуға, адалдыққа үндеді. Рас, бұлар Абай заманындағы қазақтың бойында бар кемшіліктер еді. Ал, бүгінгі қазақ жастары сол кемшілігін түзеген, білім майданына қаймықпайтан озық ойлы буын болып қалыптасуы заман еншісінде. Бастысы, біздер Абай ілімін игеріп, одан тағылым алатын, сөзін бойтұмардай қастерлейтін ұрпақ қана ақын сынының үдесінен толық шығатынын ұмытпауымыз керек.

А.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!