«Әр күн − жаңа мүмкіндік». Қарбалас тірліктермен бұл тіркес жаттанды естілсе де, тарих үшін күнтізбе жай уақыт емес. Мәселен, 4 маусымда әлемде естен кетпес оқиғалар орын алған. Жаңа Амстердам қаласының Нью-Йорк атауына ауысуы, әйгілі Третьяков галереясының ашылуы да дәл осы күні болған.
Дүниежүзіндегі дерекқорға зер салмас бұрын еліміздегі айтулы мерекені тілге тиек етсек. Қазақстан өз егемендігін жариялаған тұста алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдады. Содан кейін күн тәртібінде Мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Айта кетейік, тарихи шешім қабылдау лезде бола салған жоқ. Өйткені Мемлекеттік рәміздердің тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес болуы көзделді. 1992 жылдың бас кезінде Жоғарғы Кеңестің төралқасының қаулысымен арнайы шығармашылық комиссия құрылып, оған белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері мүше болды.
Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланып, оған қатысушыларға күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Осы орайда Мемлекеттік Тудың эскиздері бейнеленген 1200 шығармашылық еңбек қабылданған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты. Осылайша ел тәуелсіздігін жариялаған 130-шы күні Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков Мемлекеттік Тудың авторы атанды. Ал Мемлекеттік Елтаңба ретінде белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың үздік эскизі ұсынылды.
Қазақстан әнұранына байқау жарияланған сәтте Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау басты назарда болды. Нәтижесінде Мемлекеттік Гимн музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди атанды. Ал Әнұранның үздік мәтініне жарияланған байқауда ақын Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева көптің көңілінен шығып, оң бағасын алды.
Арада 14 жыл өткен соң рәміздер тарихы қайта жаңарды. Жаңа Мемлекеттік Гимн қабылдау мақсатында «Менің Қазақстаным» әні таңдап алынды. Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған бұл әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы шығарған. Сол уақыттағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев музыкалық туындының бастапқы мәтініне өзгеріс енгізді. Осыған орай Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» жарлыққа тиісті түзету жасалды. Тарихтағы бұл оқиға әр қазақ «Менің елім» деп тебірене шырқайтын бірегей туындыны жарыққа шығарды.
Мемлекеттік рәміздер қанша жыл өтсе де өткеннің мұрасы, бүгіннің мақтанышы бола берері сөзсіз. Ұлтты ұлт ретінде танытатын, елдің егемендігін әйгілейтін қастерлі белгілер қазір әрбір азаматтың жүрегінен орын алды. Тіпті Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез келген құжатында бар. Туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейін Елтаңбаның белгісі қолданылады. Ал мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларында Ту міндетті түрде ілулі тұрады.
Франциядағы жаңа революция
Енді 4 маусымда орын алған әлемдік оқиғаларға ойыссақ. Бұл жаңалық парфюмерия өндірісі мен әлемге әйгілі «Шанель» атауымен байланысты. Бір ғасыр бұрын 4 маусымда Chanel №5 әтірі пайда болды. Әлі күнге дейін нәзікжандардың талғамынан түспеген бұл әтір сұлулық пен паң мінездің символы іспеттес. Ғалымдардың айтуынша, алғаш кездескен адамның кім екенін әтірі арқылы тануға болады. Бұл тұрғыда Коко Шанель туындысы тарих алдында көш бастап тұр. Айта кетейік, Коко Шанельдің тапсырысы негізінде белгілі парфюмер Эрнест Бо арнайы 10 композиция жарыққа шығарған. Әтір иісін жаңылмай таңдайтын Коко бұл жолы да қателеспеген. Ол үздік ондықтың қатарынан бесінші үлгіге баса назар аударды. Одан әрі әтірді төртбұрышты құтыға құйғызып, қарапайым декормен безендірген екен. Айта кетейік, қарапайымдылық Коко Шанельдің басты ұстанымы болатын. Парфюмерия шыңын бағындырған бұл жыл Франциядағы жаңашыл революция саналды. Сол уақыттағы атақты Мэрилин Манроның келесі сөзі әтірдің жарнамалық ұранына айналды. «Сіз не кигенді ұнатасыз?» деген журналист сауалына күміс экран жұлдызы «Chanel №5 әтірінің бірнеше тамшысы ғана» деп жауап берген.
«Төрттік» тұлғалар кімдер?
Айтулы күні дүниеге келген танымал тұлғалар да аз емес. Нумерология іліміне сүйенсек, 4 маусымда дүниеге келген адамдар өте адал, ұйымшыл, тәртіпті және тұрақты келеді. Олар барлығын тыныштыққа, еңбекке және сақтыққа сүйене отырып шешеді. Расында осы күні туған тұлғалардан аталған қасиеттерді көруге болады. Бұл тізімде «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы АҚ президенті Ерғазы Нұрғалиев, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, әнші Нұржамал Үсенбаева, Ресей империясының генералы, мемлекет қайраткері Алексей Ермолов, КСРО халық әртісі, дирижер Евгений Мравинский, Грекияның сегізінші президенті Каролос Папульяс, Конго Демократиялық Республикасының төртінші президенті Жозеф Кабила, америкалық актриса, қоғам қайраткері Анджелина Джоли бар.
Байқағанымыздай, 4 маусым жай күннің бірі емес. Дәл осы күні қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының батыры атағы берілсе, 2000 жылы Иран қазақтары тарихи отанына орала бастады. Бұл − тарих көрсеткен деректер. Бұл күні алда қандай өзгеріс орын алатынын болашақтың еншісіне қалдырдық.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
