Адам баласын игі істерге бастайтын ізгі жүректің қалауы – жақсылық. Бұл ‒ адамгершілікті, имандылықты сипаттайтын ұғым. Жақсылық жасау едәуір қиын іс емес. Қолыңнан қандай игі іс келсе, соны жасауға ниеттенсең болғаны. Ол үшін алпауыт күштің, таудай білімнің керегі шамалы. Алла адамды жаратып, пенденің ой санасы мен сезімі қалыптасқаннан бері жақсылық бірге келеді. Жақсылық жасау дінге, ұлтқа, байлыққа қарамайды. Ақ пен қара секілді, жақсылықпен қоса жамандық та бірге жүреді. Алайда жақсы қылсаң да, жаман қылсаң да өзіңе кері айналып келері анық. Жақсылық міндетті түрде жалғасын табады. Сенің бір жанға қуаныш сыйлағаның, одан кейінгі адамдардың да жақсылыққа ұмтылуына себепші. Расында өзгеге жақсылық жасасаң, өзіңде себепсіз бақытқа бөленетінің рас.     
  Зейнеп Ахметова “Шуақты күндер” кітабында қазақтың қаһарман ұлы, батыр Бауыржан Момышұлы жасаған жақсылықтың өлшеусізін байқауға болады. Өзінен гөрі өзгенің қуанышын артық көретін батыр жақсылықтың талай көрінісін бізге үлгі етті. Жақсылық – кереңнің ести алатын, соқырдың көре алатын дүниесі. Ибн Аббас (р.а) былай деді: «Жақсылық тек қана мына үш нәрсемен толық болады. Ол – жақсылықты жасауға асығу, жасаған жақсылығын көп деп емес аз деп білу, жақсылықты жасырын жасау». Жасалатын жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды, өйткені аз ғана жақсылық ешбір жақсылық жасамағаннан хайырлы.

Айниза ТАҢАТАР,
Болашақ университетінің ІІ курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!