Еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударған азаматтар жұмысқа орналасып, баспаналы болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тамара Дүйсенованың атап өтуінше, «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының жетінші бағыты еңбек күшінің тапшылығы бар өңірлерге ішкі ұтқырлықты ынталандыруды көздейді.

«Ол үшін азаматтарды көшіп барған жерінде жұмыспен қамтамасыз ету және олардың баспаналы болуына мүмкіндік жасау керек. Жұмыс орындарын ашу бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылады. Бірінші – жергілікті жұмыс берушілердің есебінен жаңа жұмыс орындарын құру, екінші – солтүстік өңірлерге еліміздің басқа аумақтарында табысты іске асырылған жобаларды, сондай-ақ Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту тәжірибесін трансферттеу және оның ауқымын кеңейту, үшінші – қандастар мен қоныс аударушыларды гранттарды бере отырып оқытуды ұйымдастыру, кейін олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу», – деді ол.

Ал баспана мәселесін шешу үшін министр тұрғын үй құнының 50 пайызы мөлшеріндегі шығынды өтеуге мүмкіндік беретін экономикалық ұтқырлық сертификатын тапсыру көзделіп отырғанын айтады.