Бұл сауал журналистиканың өзекті тақырыптарының біріне айналғалы қашан. Мені де «Журналист болу оңай ма, әлде қиын ба?» деген сұрақ қызықтырды. Журналист – қоғам мен халық арасындағы көпір іспеттес мамандық иесі. Ол адамдарға маңызды ақпаратты жеткізіп қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелердің көтерілуіне ықпал етеді. Бір қарағанда бұл мамандық қызықты әрі тартымды болып көрінгенімен, артында үлкен еңбек пен жауапкершілік жатыр. Әрбір жарияланған ақпараттың шынайылығына жауап беру, халықпен жұмыс істеу және оқиғаларды дер кезінде жеткізу журналистің кәсіби шеберлігін көрсетеді. Десе де мамандықтың оңайы не қиыны жоқ. Тек қатар жүретін қызығы бар.
Сөздің басында айтып кеткендей, журналистика қоғам мен халықтың арасын байланыстыратын маңызды мамандықтардың бірі. Осындай үлкен жауапкершілікке ие мамандыққа да үлкен талаптар мен міндеттер қойылады. Журналистің этикасы, тек шынайы ақпаратпен жұмыс істеуі, тілшінің кәсіби беделі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі әрдайым бірінші орында тұруы тиіс.
ХХ ғасырдың соңында америкалық журналистер Билл Ковач пен Том Розенстиль журналистиканың негізгі қағидаларын жүйелеп, оның қоғамдағы рөлін нақтылап көрсетті. Олардың еңбектерінде журналистиканың басты міндеті – шындықты айту, азаматтардың мүддесіне қызмет ету және жарияланған ақпараттың дәлдігін мұқият тексеру екені жазылған. Сонымен қатар журналист қызметінде тәуелсіздігін сақтап, билік пен қоғам арасындағы маңызды мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Ақпаратты халыққа түсінікті әрі қызықты түрде жеткізу де журналистің маңызды міндеттерінің бірі.
Осы тақырып аясында журналистикаға қызығушылық танытатын студентпен сұхбат жүргіздік. Оның айтуынша, журналист мамандығы сырт көзге қызықты көрінгенімен, жұмыс барысында түрлі қиындық қатар жүреді. «Қазіргі уақытта ақпарат өте көп таралады, сондықтан оның қайсы шын, қайсы жалған екенін анықтау оңай емес. Журналист әрбір мәліметті бірнеше дереккөз арқылы тексеруге міндетті. Сонымен қатар әлеуметтік желілердің дамуына байланысты журналистің кәсіби имиджін сақтау да маңызды мәселелердің біріне айналды. Кез келген айтылған сөз немесе жарияланған материал қоғам тарапынан бағаланып, талқыланады. Сондықтан журналист әрдайым әрекетіне жауапкершілікпен қарауы керек», – дейді болашақ журналист.
Сондай-ақ ол журналистиканың қиындықтарына қарамастан, бұл мамандықтың өзін ерекше қызықтыратынын атап өтті. Оның пікірінше, халыққа пайдалы ақпарат жеткізу, қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеру және адамдардың мәселесін шешуге ықпал ету – журналист еңбегінің басты нәтижесі. «Кейде жұмыстың қиындығы көп болғанымен, халыққа көмегің тиіп, еңбегіңнің нәтижесін көргенде ерекше қуаныш сезесің. Ел үшін атқарған қызметтің бағалануы алға ұмтылуға ынталандырады», – дейді ол. Бұл пікір журналистиканың тек мамандық қана емес, қоғам алдындағы жауапкершілік пен қызмет екенін көрсетеді.
Әрине, ешқандай жұмыс қиындықсыз өтпейді. Бірақ қызметін жақсы көрген кез келген маман қиындыққа қиындық деп емес, оны жай ғана кедергі ретінде қараса, атқарған жұмысыңның нәтижесіне тез жетуге болады. Қиындық – тәжірибе жинау мен шыңдалудың негізгі жолы.
Зере ПРАЛИЕВА,
№267 орта мектептің оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
