Kyzylorda-news.kz. Елімізде аналар өлімі мен жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларынан көз жұму көрсеткіші біршама артқан. Мұны денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халыққа есеп беру кезінде айтты. Шенеуніктің сөзінше, жүрек дертінен құрбан болғандар көрсеткішінің күрт өсуіне коронавирус себеп. Бір сағаттан астам уақытқа созылған жиында министр өзге де мәлімдеме жасады.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, елде коронавирус ырық бермей тұрғанда, өзге де дерттерге қарсы тұруға мәжбүрміз. Бірақ пандемияға дейінгі қауқармен емес. Соның салдарынан аналар өлімі мен жүрек-қантамыр жүйесі дертінің құрбандары артқан.

«Саланың бірқатар маңызды көрсеткіші төмендеді. Бұл, ең алдымен, аналар өліміне қатысты. Көрсеткіш бір жыл ішінде 2,6 пайызға артқан. Сондай-ақ жүрек-қантамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 15 пайызға өскені байқалды. Мұның бәрі коронавирустық инфекцияның пандемиясымен байланысты», — деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Өткен жылы 427 мың нәресте дүние есігін ашты.

Жиында жасанды ұрықтандыру жайы да сөз болды. Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы жеті мың квота бөлінбек. Репродуктивті технологиялар қызметін 27 клиника көрсетсе, оның 19-ы медициналық сақтандыру аясында жұмыс істейді.

«Еуразия бірінші» арнасы