Бүгінде өткен жылдың маусымымен салыстырғанда азық-түлік тауарларының бағасы 19,2%-ға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 13,2%-ға, ақылы қызметтер 9,2%-ға қымбаттады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Азық-түлік нарығында жылдық мәнде бағаның ең көп өсуі қантқа – 78,7%, қырыққабатқа – 72,4%, пиязға – 69,3%-ға белгіленді. Картоп бағасының 9,8%-ға төмендеуі байқалды.

Азық-түлік емес тауарлар бағасының өсуі 2022 жылғы маусымда (2021 жылғы маусыммен салыстырғанда) 13,2%-ды құрады.

«Баға деңгейі жеке қолданылатын тауарларға – 23%, жуу және тазалау заттарына – 20,8%, тұрмыс құралдарына – 19,7%, құрылыс материалдарына – 18,6%, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 18,2%, автомобильдерге – 15,1%, ыдыс-аяққа – 13,9%, тоқыма бұйымдарына – 10,8%, фармацевтикалық өнімдерге 9% өсті», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ақылы қызметтердің бағасы бір жылда (2022 жылдың маусымынан 2021 жылдың маусымына дейін) 9,2%-ға өсті.

Қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне баға деңгейі 15,9%-ға, денсаулық сақтау – 14,7%-ға, санаторийлерге – 13,7%-ға, кешенді демалыс ұйымдарына – 13,2%-ға, шаштараз және жеке күтім қызметтеріне – 12%-ға, қонақүйлерге – 5,7%-ға өсті.

Жолаушылар тасымалы қызметі 4 пайызға қымбаттады.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында электр энергиясына – 7,5%-ға, қоқыс жинауға – 2%-ға, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға – 1,4%-ға, орталықтан жылытуға – 2,3%-ға, ыстық суға – 0,9%-ға тарифтер өсті», – делінген бюро хабарламасында.

Бюро ай сайын инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексін есептейді. 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарларға тарифтер мен бағаларда өзгерістер бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!