Елдегі экономикалық, әлеуметтік-психологиялық ахуалдың жай-күйі қашанда жастардың потенциалымен өлшенеді. Сондықтан қоғамның қозғаушы күшіне айналған жастардың мүмкіндігін арттыру, дамуға жағдай жасау – негізгі міндет.

Жалпы жастарға арналған бағдарлама әрқашан керек. Жасөспірімдер мен өмірге қызуқанды көзқараспен қарайтын жас буын бағыт көрсетуге мұқтаж, қолдауға зәру. Бұл, әсіресе, білім беру мен жұмыспен қамту ісінде ерек байқалады.

Айтар болсақ, салада атқарылар тілік пен жоспарланған меже жетерлік. Өңірлік бағдарламаларды айтпағанда республикалық бастамалардың басым дені жұмыссыз жастардың санын азайтуға тырысып келеді. Мысалы, жақында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және Eurasian Resources Group компаниясының арасындағы келісім негізінде жаңа бастама жүзеге асты. Ол – «Жастарды жұмысқа орналастыру» жобасы. Жоба жүзеге асса 35 жасқа дейінгі 10 мың жасқа жұмыс орындарын ұсыну жоспарланған. Яғни, мамыр айынан бастап «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасында кез келген азамат ERG компаниялар тобынан жұмыс таба алады деген сөз.

Жұмыс ұсыну жүйесі де қарапайым. «Enbek.kz» порталының басты бетінде баннер орналасқан. Жұмыс іздеушілер сілтемені басу арқылы ERG тобындағы компаниялардың HR-қызметтері орналастырған бос жұмыс орындарының тізімімен таныса алады. Бүгінде аталған тізімге 346 бос жұмыс орны орналастырылған екен. Олардың арасында техникалық немесе медициналық біліктілікті қажет ететін және арнайы білімі жоқ адамдарға арналған мүмкіндік те бар.

Негізінен ERG 28 жылдан бері табысты жұмыс тәжірибесі бар, табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы жетекші компаниялардың қатарында. ERG құрамына «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» АҚ, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» АҚ, «Еуразия» Медициналық орталығы» ЖШС және басқа да ірі кәсіпорындар кіреді.

Жұмыспен қамту саласындағы бар жаңалық жаңалық мұнымен бітпейді. ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаменті халықты жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Биыл департамент 200 мыңға жуық жұмыспен қамту шарасын ұйымдастырып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарға мүмкіндік бермек. Жоба аясында азаматтарды жұмыспен қамту, тұрмысы төмен отбасыларға жәрдем беру үшін көзделіп отыр.

«Электронды еңбек биржасында 41,7 мыңнан астам адамға арналған тұрақты жұмыс орындарына вакансиялар жарияланған. Өз кәсібін ашам деген 20 300-ден астам адамға гранттар қарастырылған. Тиісті қаражат қаралған. Жастар практикасына 20 мыңнан астам жолдама берілмек. Оқу орындарын жаңа бітіріп келген азаматтардың алғашқы жұмыс орны ретінде 3 мың жұмыс орнын субсидиялау көзделген. 36 мың адамға біліктілігін арттыру курстары ұсынылады. 16600 уақытша әлеуметтік жұмыс орындары қаралса, 52 100 аса уақытша қоғамдық жұмыс орындары көзделген. Одан басқа 8100 тарта адамды еңбек күші аз өңірлерге көшіруге субсидиялар бар», – деді ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің мамандары.

Жұмыссыз жасқа қолдауға арналған үздік бағдарлама қатарында «Жастар іс-тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» секілді жобалардың бары анық. Биыл бұл бағдарламаға қатысу мерзімі ұзарып, жастардың еңбекақысы көбеюі ықтимал. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сала басшыларына аталған жобаларды назарға алуды тапсырған болатын.

«Жұмыссыздық деңгейін түсіруге ерекше назар аудару керек. Әсіресе жастар арасында. Жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектері, әсіресе, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Мұны біз жақсы білеміз. Кездейсоқ нәпақамен күн көріп жүр. Кейбіреулері табыс іздеп жүріп заңнан аттап кетуі мүмкін. Үкіметке «Жастар іс-тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасау маңызды», – деген Мемлекет басшысы.

Парламенттік тыңдауда көтерілген тақырыптың тағы бір бөлігі – білім беру ісі. Қазақстандағы колледж студенттерінің 40 проценттен астамы ақылы негізде оқып жатыр. 2025 жылға қарай кезең-кезеңімен жастарға техникалық және кәсіптік білім беру толығымен тегін болмақ. Биылдың өзінде осы мақсатта 45 мың қосымша грант бөлінсе, колледждердегі білім беруді еңбек нарығына бейімдеу үшін академиялық еркіндік енгізілетін болады. Сондай-ақ, студент шәкіртақысы мен грант көлемі артып, 2025 жылға қарай мемлекеттік білім гранттарын 50 процентке ұлғайту жоспарланған көрінеді.

«Жоғары оқу сапасы сенаторлар тарапынан өткір көтеріліп жүрген сұрақтардың бірі. Бұл салада бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін әлемдік үздік университеттер филиалдарын елімізде ашу қолға алынды. Былтыр Алматы қаласында британдық Де-Монфорт университетінің филиалы құрылды. Жаңа оқу жылынан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Аризона университетімен бірлесіп маман дайындау жобасы іске қосылады. Бұл жастарға шетелге шықпастан, әлемдік рейтингіде алдыңғы қатарда тұрған университеттерде білім алуға, ата-аналарға шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді Е.Тоғжанов.

Сонымен қатар Үкімет қазақстандық жас ғалымдардың үлесін 50 процентке ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл үшін жас ғалымдардың идеяларын қаржыландыру бойынша арнайы конкурстар өткізілмек. Қазірдің өзінде 26 млрд теңге болатын 451 жоба қаржыландырылуда. Биылдан бастап «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Ал «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы аясында 4 жыл ішінде 160 мыңнан аса жас азамат «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларымен 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантпен қамтылатын болады. Бұл – отандық ғылымға деген ең айтулы көмек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!