Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Қарағай ауылы спирттік ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің қатарында. Нәтижесінде мұнда ұрлық, түрлі жанжалдар сап тыйылған.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Бұлақ ауылдық округінің құрамындағы Қарағай ауылы 10 жылдан бері арақ-шарап атаулыны мүлдем ұмытқан. Учаскелік полиция инспекторы Қанат Жанғариннің бұл округте тәртіпті қадағалап жүргеніне 6 жылға жуық.

Ішімдіктен бас тартқан ауыл
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

«Ауыл шағын 27 үй бар, халық саны – 88 адам. Мен қызмет атқарып жүрген уақыттан бері бұл елді мекенде бірде-бір қылмыс тіркелмеді. Отбасы-тұрмыстық салада, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар мүлдем жоқ. Ауыл тұрғындары мал өсірумен айналысады. Сондықтан малды бос, қараусыз жіберу мәселесі болды. Ауыл тұрғындарының жиналысында оны шештік. Соңғы үш жылда мұндай бір де бір дерек тіркелмеді», – дейді Қанат Жанғарин.

Қазіргі уақытта учаскелік инспектор жұмысының негізгі бағыты – интернет алаяқтықтың алдын алу. Мұндай фактілер елді мекенде тіркелмеген, бірақ полицей қылмыскерлердің түрлі айла-тәсілдері туралы тұрғындарды ақпараттандырып, үнемі кездесіп тұрады, WhatsApp желісіндегі ауыл чатына алдын алу сипатындағы жадынамаларды жіберіп тұрады. Жергілікті тұрғындар да тәртіп сақшысының жұмысына риза. Спирттік ішімдіктерден бас тартудың арқасында ауылда береке-бірлік орнаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!