Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал», делінген.

Мұнда өскелең ұрпақтың жастайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу міндеті қойылып отыр. Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірденбір ықпал ететін фактор болып табылады.     Еліміздің әрбір азаматы қандай да бір заңнаманы сәйкесінше қолдана білсе, мемлекеттік қызметкердің өз лауазымын заңсыз қолдануына жол бермесе, яғни заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді қолданса еліміз дерттен арылып, әлемдегі дамыған елдер қатарынан орын алуына үлкен үлес қосылар еді.

Мұның бәрі елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігіне, әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, қоғамдық тәртіптің нығаюына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, ең бастысы ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға жеткізеді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор.

Жалпы айта келгенде, егер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың этностық ерекшелігі ретінде ұлттық мәдениетті мысалға алсақ, отбасында балаларды еңбекке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу дәстүрі әрқашан да болған. Сондықтан отбасында ұлттық тәрбиенің негізі, адамгершілік пен іс- әрекеттің өзегі ретінде адал еңбек басым болуы тиіс. Сонда ғана отбасы деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қоя аламыз. Бұл тосқауыл осы мәселені заңдық реттеуге қарағанда мықтылау, тиімдірек.

Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда этникалық ерекшеліктерді негізге алу еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуы мен рухани жаңғыруына, мемлекетіміздің алға қойған стратегиялық бағыттағы жоспарларына қол жеткізуге, мәңгілік ел болып қалыптасуына маңызды жағдайлар туғызатындығы сөзсіз.

С.Ибраев,

Жаңақорған аудан аралық әділет басқармасы басшысының м.а.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!