Бұл жолғы тойдан демалып қайттым. Тойдан демалып қайтқаны несі деп, ұқпай отырған боларсыз. Тойдың талайын көрдім. Бірақ бұ жолғысы естен кетпестей болды. Естен кетпейтіні бір сұмдық әртістер болғанынан емес, тойдың өту процесі ерекше ұнады. Той Ақтөбе қаласында болған еді…

Тойдың басталысынан-ақ бір ерекше әсер болды. Кәдімгідей әрқайсысын өз орындарына жайғастырып жатқан асаба «Жаңа құдала, төрлетіңіздер» деп төрге шығарды. Жаңа құдалар сыпайы, салмақты, байыпты көзқараспен төрге бастады. Өз орындарына жайғасты. Біздіңше, біреу-міреу «мына құдалардың көңіл-күйі жоқ екен» деп қалуы ғажап емес. Сөйтсек, жаңа құдалар солай төрге шығады екен. Ал біздіңше қалай? Жолдан келді ме, шаршап келді ме, көңіл-күйі жоқ па қарамайды, алдына шыға салып, «Қане, құдалар, биге» деп, жағадан алып, ортада қып-қызыл би етеді. Танысып-біліспеген, бір-бірін енді көрген жанның өзін қолынан сүйрелеп ортадан бір-ақ шығарамыз ғой біз. Ал мұнда әр нәрсенің өз орнымен болып жатқанына тәнтімін.

Ащы суға келсек, «бұл тойда ішпегенде қайда ішесің» деп, аузыңа құйып, қылқылдап төбеңнен төніп, «зорлап» жатады ғой бізде. Оларда керісінше, алдыңа бәрін қояды, ішкің келе ме, жегің келе ме ерік өзіңде. Той иесі де ана үстелге бір, мына үстелге бір жүгіріп шаршамайды. Той иесі салмақты қалпын бұзбай, асабаның жанында кімнің кім екенін айтып, кеңес беріп тұр. Ал бізде ше?! «Әй, Пәленше, сен ана үстелге соғыстыруға бардың, бізге неге келмедің?» деп, ренжіп, өкпелеп, көшке берген тайлағын қайтып алып жатады. Содан той иесі келген жұрттың қас-қабағына қарап, ренжіп қала ма деп зыр жүгіріп жүргені. Сонда біз өзімізді өзіміз шаршатады екенбіз ғой. Тойға барып, демалып қайтқаным есімде жоқ. Бірақ Ақтөбедегі тойдан кәдімгідей демалып қайттым.

Айтпақшы, біздің тойларда тілек айтарда біреуі біреуіне сілтеп, микрофоннан қашып жүреді ғой. Мұндағылар қанша масайса да, сөзі түзу қалыппен жақсылап тілегін айтып тарап жатты. Әсіресе, тойдың соңында қалта-қалта қампитты жинап қайтып бара жататын апалар бар ғой бізде. Мұнда мүлдем басқаша. Бір адам қолына бір қампит ұстап шыққан жоқ. Сонда біздегі той мәдениеті әлі де қалыптаспағаны ма?!

«Ауылдан шықпағанның ойы ауласынан аспайды» деген сөз бар. Бұрын-соңды сыртқа шықсам да, өзге өңірдің тойына қатысып көрмеген соң, мұндайды білмейді екенмін. Бірақ осы Ақтөбенің тойында көзім ашылғандай болды.

Оқырман ойымен санасатын басылым ретінде жазып отырмын. Қазақтың қазақтығы мен азаттығы мәңгі сақталса деймін. «Ел боламын деп, бесігін түзеп», еңсесін тіктеген еліміздің қай қырынан қарағанда озық болып, көш бастағаны маңызды. Ұлтымыз өзінің болмысынан ажырамауы керек қой. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаған біздің қазекем тойда мәдениетсіздік пен бос ыржың, арзан күлкіге айналдырмаса керек-ті. Қазіргі біздің тойларда ортаға шығып, іш киімі көрініп, ұзыннан сұлап жатқан әйел де, еркек те бар. Той мәдениетіне ойланатын кез келген тәрізді.

Бірер ай бұрын Қызылордадағы тойда болдым. Асаба білгенін жасап жатыр екен. Ірі денелі әйел кісі үнді биіне билеймін деп, жігітке жүгіріп бара жатып шалқасынан құлады. Етегі ашылып, ел-жұртқа масқара болды. Ана ащы су деген нәрсе оның ұятын өлтіріп тастаған-ау… Жұрттың күлгеніне қарап, жақсы өнер көрсетіп жүрмін деп ойлаған сияқты. Одан сайын белсене түсті. Ұялғанымыздан теріс қарадық…

Иә, мәдениет қай жерде де өзінің орнын байқатып тұрады. Тойдағы мәдениет қашан да төрде болғаны дұрыс.

Олжас ЖАЛҒАСҰЛЫ,
Қызылорда қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!