Қазақстанда жалған жоғары білім дипломдары интернет арқылы сатылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Prg.kz ақпараттық жүйесінің есебіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, қазақстандық интернет кеңістігінде осындай 20 интернет-ресурс пен 46 жалған диплом анықталған. Енді бұл сайттардың иелері мен әкімшілерінің әрекетін құқық қорғау органдары тексереді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі елде 1991 жылдан бері берілген дипломдарды цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл түпнұсқа білім туралы құжаттарды жалған дипломдардан ажыратуға мүмкіндік береді.
“Бірегей нөмірі мен QR-коды жоқ дипломдар жарамсыз болып саналады. Сондай-ақ заң бойынша жалған құжат жасау немесе оны пайдалану айыппұл салуға, қоғамдық жұмыстарға тартуға, бас бостандығын шектеуге немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін”, – деп мәлімдеді ведомство.
Білім туралы құжаттардың түпнұсқалығын тексеру үшін 1991 жылдан бері берілген барлық дипломдар енгізілетін бірыңғай деректер базасы құрылған.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, министрлік жоғары оқу орындары түлектеріне берілетін дипломдардың мазмұны мен сериясына қойылатын негізгі талаптарды бекіткен. Ол дипломдар арнайы модуль арқылы рәсімделіп, оларға бірегей нөмір мен QR-код берілетінін айтты. Жүйеге тек осы модульде тіркелген және ресми жауапты қызметкерлер ғана қол жеткізе алады деп атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
