Мемлекеттік қызметтерді көрсету – мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының құрамдас бөліктерінің бірі. Адам дүниеге келгеннен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен тығыз байланыста болады. Туу туралы куәлікті алудан бастап азаматтың қайтыс болуы туралы анықтамасын беру де мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылады.

Бүгінгі таңда, қызмет алушылардың уақытын үнемдеу, әкімшілік кедергілерді, қағазбастылықты жою мақсатында электронды көрсетілетін қызметтердің үлес салмағы артуда.

Қызылорда облысында мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелермен 364 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Олардың 177-сі жергілікті атқарушы органдармен көрсетілсе, 187-сі аумақтық мемлекеттік органдарына тиесілі.

Осы жылдың І-жартыжылдығында облыста қызмет беруші мекемелер тарапынан 3 млн-нан астам қызмет көрсетілген. Оның 2 млн 491 мыңға жуығы – жергілікті атқарушы органдармен, 518 мыңнан астамы – аумақтық мемлекеттік органдармен көрсетілген.

Электронды түрде – 2 млн 943 мыңға жуық қызмет, мемлекеттік корпорация арқылы – 54 мыңға жуық қызмет, ал мемлекеттік орган арқылы – 12,5 мыңнан астам қызмет көрсетілген.

Электронды түрде қызметтер алу үлесі өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында 94,6 пайызды құраса, биыл 6 айда 97,8 пайызға жетіп, яғни, 3,2 пайызға артты.

2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы Заңына сәйкес кез-келген тұлға нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға және көрсетілетін қызметті берушінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.

Мемлекеттік қызметтерді көрсететін органдар қызметінің сапасын арттыруға басты назар аударып, қызметтерді көрсету кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуы басты қағида болуы тиіс. Дегенмен, кейбір мемлекеттік мекемелер тарапынан мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың бұзылуына жол беретіндігі жасырын емес.

Биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты 12 шағым қаралды. Шағымдар бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 2 азаматтың уәжі өз дәлелін тауып, құқықтары қалпына келтірілді.

Шағымдардың басым бөлігі Қызылорда қаласы аумағында орналасқан жер учаскелерінің табысталуы және әлеуметтік қамсыздандыру саласына қатысты болып отыр.

Мәселен, осы жылғы 31 мамырда Департаментке Қызылорда қаласының тұрғынынан «Елді мекендер шегінде объекті салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік қызметін көрсету бойынша шағымы келіп түсті.

Аталған шағым бойынша Департамент тарапынан Қызылорда қаласы әкімі аппаратына, Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөліміне, Қызылорда қаласының ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөліміне жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Тексеру барысында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі келісуші органдарға қызмет алушының құжаттарын 22 күнге кешіктіріп жолдап, мемлекеттік қызметті көрсету тәртібінің бұзылғандығы анықталса, қалалық жер қатынастары бөлімі тиісті шешім жобасын қала әкімі аппаратына жолдамағаны белгілі болды. Яғни, қызмет көрсетуші мемлекеттік органдар «Елді мекендер шегінде объекті салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік қызметін көрсету мерзімін сақтамай, қызмет алушының құқықтарын бұзған.

Аталған факті бойынша қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жауапты маманына тәртіптік жаза қолданылса, қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тексеру нәтижесімен, Департамент тарапынан енгізілген ұсыным негізінде қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.

Мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі мерзімінде көрсету және оларды көрсету нәтижесімен қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы – мемлекеттік аппараттың тиімділігін бағалаудың негізгі көрсеткіштерінің брі болып қала бермек. Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысындағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуы алдағы уақытта да Департаменттің жіті бақылауында болады.

Ербол БӨЛЕБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!