Шексіз толқынымен тыныштық сыйлап, тіршілікке нәр берген Сырдария өзенінің айналасында тарихы терең һәм табиғаты көркем өлкелер жайғасқан. Соның бірі – Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кенті. Осы бір шағын мекенде заманның сырын сақтаған «Еңбек даңқы» музейі бар екенін білесіз бе? Ал ондағы әр затта ғасырға теңесетін бір үзік сыр бар. Сол үшін өткен жұма күні «Еңбек даңқына» арнайы барып, түрлі жәдігерді көзбен көрдік.

Музейдің есігін ашқанда бізді сол жердің маманы Болат Маханбетов күтіп алып, орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Бұған дейін мешіт ретінде қолданылған ғимарат тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында аудандық музей ретінде ашылған. Мәдени орын үш бөлімнен тұрады. Мәселен алғашқы бөлімде ауданнан шыққан қоғам қайраткерлерінің еңбектері мен өмір жолдары баяндалса, екіншісінде тәуелсіздік жылдарындағы ауданның жетістіктері көрініс тапқан. Ал үшінші бөлімде түрлі салада үздік қызмет еткен мамандар мен еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілген.

Жолбарыстан сақтанудың тапқыр амалы

Әлқиссада айтқандай музейге қойылған әрбір жәдігердің өзіндік айтары бар. Орталықтың маманы көрсеткен туындыларға қарап тарих беттерін парақтағандай күй кештік. Дегенмен ерекше қызығушылығымызды оятқан – «Доңыз қауақ» болды. Бұл атау сізге де тосын естілгені анық. Ендеше көрген, білгенімізді тарқатайық…

Ертеректе Сыр елі қамысты өлке болған деседі. Ал биіктігі 4-5 метр, жуандығы 20-25мм болатын қамыстың арасында жолбарыс мекендеген. Уикипедиялық деректер, термелер мен көз көрген қариялар да мұны жоққа шығармайды. Бұл ретте «Жолбарыс пен жайын» термесіндегі «Дарияға жақын маңда өткен ерте заманда, Сыр бойында мекендепті бір айбарлы, жуан мойын жолбарыс» деген қатар еске түседі. Азулы, текті де тәкаппар жаратылыстың бірі, бойында қуат пен шапшаңдық үйлескен жолбарыс сол заманда төрт түлікке, халыққа да қатер төндірген. Ал аңнан сақтану үшін «Доңыз қауақ» құралы қолданылған екен. Міне, дәл осы құралмен біз де таныстық.

Өткеннің өлмес іздері

− «Доңыз қауақ» – бүгінде ұмыт қалған көне жәдігер. Елді-мекендерді жолбарыс өріп жүрген заманда жергілікті халық олардың шабуылынан сақтанудың түрлі амалын ойлап тапқан. Әсіресе алыс сапарға шыққанда «Доңыз қауақты» қолданған. Бұл құрал қамыс арасындағы жолбарысты үркітетін ерекше дыбыс шығарады. Алайда ашаршылық пен соғыс жылдарында қолданыстан шығып, ұмыт болды. Сол себепті жастар мұндай құралдың бар екенінен бейхабар. Пішіні жағынан барабанға ұқсайтын бұл жәдігерді ата-бабаларымыздың табиғатпен күресу жолында тапқырлық танытқанын дәлелдейтін тарихи мұра деп атауға да болады, − деді Сырдария аудандық музейінің маманы Болат Маханбетов.

Әңгіме барысында экскурсавод ақсақал Алтынбай Кеңбаев туралы айтып берді. «Доңыз қауақты» ақсақалдың айтуымен тереңөзектік ағаш шебері Жәнібек Маханбет жасаған. Ал Алтынбай атаға әжесі айтқан екен. Бұл оқиға туралы Жәнібек Асанұлының өз аузынан естідік. Сонымен қатар жуырда жарық көретін «Аңыз негізі – ақиқат» атты кітабында да жазған.

«Осы құралды сөзімізге дәлел ретінде суреті, оның орындалуын толық айта отырып, оны жасап, қолданып көрген ауыл ақсақалы Алтынбай Кеңбаев былай деген еді:

«Кезінде әке-шешем бақша егетін. Мен жас болдым. Егілген бақшаны шаруашылықтың сиырлары топ-топ болып бүлдіріп кете берді. Амал таусылғанда осы жайттан хабардар әжем маған: «Шырағым, ана қауақтың екі басын кесіп, ішін тазартып, үлкен бетіне шикі ешкі терісін жап, одан жылқы құйрығынан қалыңдығы елідей қылды өткізіп шетін түйінде. Қауақтан бір жіп алып оны ердің алдыңғы қасына байлап ал. Сосын шүберекті ылғалдап алып қылдың бойымен қайта-қайта қысқылай тартсаң, қорқынышты дыбыс шығарады» деген еді. Әжемнің айтқаны бойынша дайындадым. Ол кезде шаруашылықтың ферма меңгерушісі Бегілік Өкшебаев еді. «Малыңа ие болсай» дегенге құлақ аспады. Бақшаға шаруашылықтың сиырлары түсе бергенде атқа мініп алып, құралды қолданған кезде, сиыр біткен шошынғаннан алдыма түсіп, безіп бара жатты. Тіпті сиырларды бүгінгі С.Сейфуллин ауылына дейін үркітіп, апарып тастаған едім» деген еді.

Өткеннің өлмес іздері

Алтынбай ақсақал осы құралды жұрт бұрын неге пайдаланғанын әжемнен сұрағанымда, ол кісі «кезінде адамдар жоғалған малды іздеп шыққанда қалың қамыс арасында осы құралды пайдаланғанда жолбарыстардың да үркіп адамға жоламай қашатын» деп әңгімелеп бергенін айтып еді» деп жазған Жәнібек Маханбет.

Әжесінен естіген ақсақал Жәнібек Асанұлына айтып, түсіндірген. Кейін арада жылдар өткенде қолөнер шебері Жәнібек Маханбет 2004 жылы түпнұсқа «Доңыз қауақты» жасайды. Ал музей қабырғасындағы нұсқасы 2021 жылы әзірленген. Қазір Қазақстанда бұл құралдың тек 3 данасы бар. Шебердің айтуынша, біреуі «Еңбек даңқы» музейіндесақталса, екі данасы Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында. Жәдігердің театр ғимаратына баруының да тарихы бар екен.

− Қолөнер жұмыстарына арналған көрменің бірінде режиссер Хұсейін Әмір-Темір «доңыз қауақты» көрген еді. Кейін хабарласы Қазан қаласында өтетін фестивальге баратындарын айтты. Сол іс-шараға арнайы «доңыз қауақ» жасап беруімді сұрады. Оған қажетті материалдарды табу оңай болған жоқ. Бірақ ол кісі барлық керек затты өзі тауып, құралды жасатты. Фестиваль барысында «доңыз қауақты» көрсетіп, оны тартқанда халық таңданысын жасыра алмапты. Бұл көне құралдың ерекшелігі соншалық, көрермендер ризашылықпен таңырқап қараған екен.

Қазір «доңыз қауаққа» қызығушылық артып келеді. Музейге келген америкалық туристер де бұл көне жәдігерді көріп, суретке түсіріп, таңданыстарын білдіруде, − деді Жәнібек Маханбет.

Айта кету керек, биыл Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің этнограф ғалымдары мен Түркиядағы археологтардың көмегімен бұл жәдігерге патент алынды.

Өткеннің өлмес іздері

«Доңыз қауақ» қалай жасалады?

Бір қарағанда салмағы ауыр көрінген құрал шын мәнінде жеңіл екен. Ал оның жасалу жолы бәрімізге қызық болды. Доңыз қауақтың жасалуына шамамен 5-6 ай уақыт кетеді. Себебі оның технологиясы күрделі. «Доңыз қауақты» жасау үшін бақшада өсетін қауақ қолданылады. Қауақтың өзі өте жеңіл, әрі сынбайтын және бүлінбейтін қасиетке ие. Бұл оны ұзақ уақыт пайдалануға мүмкіндік береді. Оны сабағымен бірге жұлып, көлеңке немесе қараңғы бөлмеде кептіреді. Кейін оның төменгі бөлігін кесіп, ішіндегі қабықтар мен дәндерді мұқият тазалайды. Келесі процеске тері қажет. Яғни қауақтың үлкен бетіне түйенің өңделген көң терісі жабылады. Егер тері дұрыс иленбесе, ол кейін қиылып, тез жарамсыз болып қалады. Оның айналасына арнайы тесіктер жасалып, сол арқылы жіптер өткізіледі. Терінің біркелкі тартылуы үшін жіпті айқастырып байлайды екен.

Құралдың негізгі бөлігі – жылқының құйрық қылы. Қылды теріден өткізіп, шеңбердің ортасына орналастырады. Қауақтың ортаңғы бөлігіне былғарыдан жасалған белдік бекітіледі. Бұл белдіктің бір шеті аяққа байлауға арналған үзеңгі тәрізді етіп жасалады. Бұрында ата-бабаларымыз дауыс шығару үшін ылғал шүберекпен жылқы қылын кезек-кезек тартқан. Сол кезде қауақтан жолбарыстың ақырған дауысына ұқсас дыбыс шығады. Ал қазір канифоль қолданылады.

− «Доңыз қауақтан» шығатын дыбыс жолбарыстың үніне ұқсайды. Жолбарыс аңға шыққанда алдымен ақырып, дауысы арқылы жемтігін қорқытады. Дауыстан үркіген жануарлар абдырап, қайда қашарын білмейді. Ал осы сәтті пайдаланған жыртқыш білдірмей жақындап жемтігін аулайды. Қатты дыбыс шыққан кезде адамдар мен жануарлардың табиғи инстинкттері іске қосылып, қорқыныш процесі жүреді. Бұл құралдың мақсаты да сол – қауіп төндіретіндерді үркітіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, − деп түсіндірді музей маманы.

Тарихи жәдігердің күші

− Біз доңыз қауақтың әсерін тексеріп көрмек болдық. Көршінің үйінде байлаулы тұрған неміс овчаркасы бар еді. Ол ит адамды жақын жолатпайтын, ал дауысының өзі бізді үркітіп жіберетін. Сол үйдің жанына барып «доңыз қауақты» тартқанымызда, ит жерді қазып астына кіріп кетті. Екі күн бойы сыртқа шықпай қойды. Кейін өрістен келе жатқан сиырларға да қолдандық. Олар бытырап қашты. Үйдегі мысық та үй маңына жақындамай қойды. Жолбарыстың аюдың өзін жеп қоятын жыртқыш екенін ескерсек, бұл құралдың үрей тудыруы заңды. Алтынбай ата қабанды да үркітуге жарайтынын айтқан еді, − дейді Болат Маханбетов.

Абай қолданған жиһаз

2001 жылы Сырдың киелі топырағы тағы бір ғажап мұраға байыған еді. Ол − қазақтың ақыны, ойшылы, рухани ұстазы Абай Құнанбайұлы тұтынған шкаф. Бағымызға қарай бұл жәдігермен де таныстық. Аталған қазынаның Сыр өңіріне қалай жеткені бізге де қызық болып, сауалымыз сәт сайын арта түсті.

Өткеннің өлмес іздері

Көне жәдігер Асқар Тоқмағанбетов ауылының тұрғыны Ахметбек Іскендіровтың шаңырағында сақталған. Жәнібек Маханбеттің айтуынша, ол екі мыңыншы жылдары музейде ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеген. Музейдің негізін қалаған Сейтмұрат Ембергенов зейнетке шыққан кезінде ғылыми маманға «Сенің ауылыңда Абайдың қолданған шкафы бар деп естідім. Зерттеп көрші» деген екен.

− Арада бірнеше жыл өтті. Кейін бұл шкаф Ахметбек Іскендіровтың үйінен табылды. Ол Іскендіровтер шаңырағындағы қастерлі заттың бірі. Әрдайым үйінің төрінде тұратын. Мұндай құнды жәдігерді музей қорына орналастырып, А.Іскендіровке дәл сондай кеңестік замандағы тартпаны тарту еттік.

Тарихына келсек, Құнанбай Мұхтар Әуезовтың аталарын Түркістаннан Арқаға қонаққа шақырады. Осы кездесудің арқасында қожа жігіті Дәрібай Құнанбай әулетінің жиені Тұрғанбикемен сөз байласады. Бірақ жігіттің тұрмыстық жағдайы нашар деп ағалары қызды беруге қарсы болған. Осылай жас жұп шаңырақ көтеріп, Сыр еліне келіп қоныстанған. Дәрібай мен Тұрғанбике қыздарының бірінің есімін Абайдың әжесіне ұқсатып Зере қойған. Міне, осы Зере әжей Ахметбек Іскендіровтың нағашы әжесі, − деді ол.

Балалары ержеткенде, шамамен Абайдың қайтыс болғанына 1-2 жыл өткен соң Тұрғанбике туыстарына сапарлап қайтады. Сол кезде жиенінен тараған балалардың біліміне тәнті болған туыстары Абай қолданған шкафты сый ретінде берген екен. Кейін бұл жәдігер Зеренің жасауына қосылған.

Ел ішіндегі қиын жағдайларға байланысты Зере Тәжікстанға қоныс аударады. Бірақ үлкен дүниелерді алып кетуге мүмкіндігі болмай, шкафты найман руының азаматтарына аманаттаған. Ал 1942 жылы Зеренің қызы Әсия елген оралып, шкафты қайтып алған екен.

Тарих – ұлттың ұлы мұрасы. Біз көрген басқа да жәдігерлер қазақ халқының тұрмыстық өмірін ғана емес, тарихи жады мен мәдени байлығын да айшықтайды. Осындай мұраларды сақтап, ұрпаққа жеткізу − аманат. Себебі өткеннің ізі өшпеу керек.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!