Қызылордалық ағайындылар ата-анасын Меккеге апару үшін велоарбамен жолға шықты. Бұл туралы “КТК” телеарнасының журналисі Гүлмира Әбіқай өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, арбаны ұзақ жолға қолдан соғып дайындаған. Бағыттары Батыс Қазақстан Ақтөбе – Маңғыстау – Атырау – Ақтау – Баку – Иран – Кувейт арқылы діттеген жерге жету. Қызылорда мен Медина шаһарының арасы 5 мың шақырымға жуық.

“Қазірдің өзінде Сыр бойында күн күйіп тұр. Алда аңызақ жел, салқын түн, шөл һәм аптап ыстық бар. Жолай менің оқырманым сәт сапар тілеп, қаржылай және ас-сумен көмек ұсыныпты. Алла разы болсын деп бас тартқан. Ақыр Ақтауға дейін барамын, жол қысқарсын жеткізейін деп еді, “жоқ, өзім осылай еңбекпен апарамын” депті жолаушы”, – деп жазды журналист.

Журналист қажылыққа жаяулатып керуендеткен сапаршылардың басы Құнанбай қажы болса, соңы бұлар емес дейді. 2014 жылы Дулат иман Ақмола өңірінен Сауд Арабиясына дейін жүгіріп жеткен. Жолға 4 ай кетті. 3 жыл бұрын карантинге қарамастан, Алматы облысынан Жұматай атты азамат үлкен қажылыққа жаяу жол тартқан еді.

“Қажылық құрбан айтқа 4-5 күн қалғанда жасалады. Мынадай велоарба мықты дайындықпен шыққанның өзінде сағатына 10 км жылдамдықтан аспайды”, – дейді Гүлмира Әбіқай.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!