ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында мұнай беруші ұсақ компаниялардың заңсыз айла-шарғысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баға өсіміне мұнай берушілердің айла-шарғысының салдарынан оның жасанды көтерілуі ықпал еткен. Мəселен, ұсақ берушілер (жалпы нарықтың 25%-ын алады) жағдайды пайдаланып, көтерме бағаны өсіріп, маржаны жасанды түрде арттырған. Олардың қызметі монополияға қарсы заңнамамен реттелмейді. Өйткені тауар нарығындағы үлесі төмен жəне көтерме баға шекті бағамен шектелмейді», – деп жазылған жауапта.

Бас прокурордың мәліметі бойынша, жасанды әрекеттердің кесірінен бір литр дизельдің бағасы 500 теңгеге дейін жеткен.

«Қолданыстағы шекті бөлшек сауда бағасы 230-260 теңге болған кезде кейбір берушілер дизель отынын көтерме бағамен 260 теңгеден астам бағаға, жеке жағдайларда – 360-413 теңгеге сатқан. Жекелеген өңірлерде дизель отынының көтерме бағасы 1 литр үшін 450-500 теңгеге жетті. Бұл шағын бөлшек жанар-жағармай құю стансаларының сатылымның тиімсіздігіне байланысты отын сатуын тоқтата тұруға жəне нақты отын тапшылығына алып келді», – деп жазады Берік Асылов.

Энергетика министрлігінің Бас прокуратураға ұсынған деректері бойынша тапшылық өршіп тұрғанда 633 жанармай құю стансасы баға теңсіздігінің басылғанын күтіп, қолда бар дизельді сатпаған.

«Бүгінгі күні мұндай ЖҚС саны 267-ге дейін қысқарды. Қазіргі уақытта Қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық бөлімшелері табиғи монополияларды реттеу өңірлік департаменттеріне жанар-жағармайға шекті бағаны көтерудің анықталған фактілері бойынша Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 171-бабы бойынша кінəлі адамдарды 2 əкімшілік жауапқа тарту үшін 43 материал жіберді (бүгінгі күні жалпы сомасы 1,4 млн теңгеге айыппұл салынып, 17 адам жауапқа тартылды)», – делінген Бас прокурордың жауабында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!