Адам өмір сүретін кез келген орта тазалықты қажет етеді. Таза көше, тап-таза аулалар, жинақы саябақтар мен қоқыссыз қоғамдық орындар −  мәдениетті қоғамның басты белгілерінің бірі. Қаланың немесе ауылдың тазалығы  сол жерде тұратын халықтың мәдениетіне мен жауапкершілігін көрсетеді. Дегенмен осы тазалықтың артында үлкен еңбек жатқанын көп жағдайда аңғара бермейміз.

Таң атпай жұмысқа шығып, күннің ыстығы мен қыстың суығына қарамастан еңбек ететін көше тазалаушылары – қоғамның көрінбейтін қаһармандары. Көпшілік таңертең ұйқысынан тұрған кезде көшелердің тап-таза тұрғанын қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Алайда сол тазалықтың өздігінен пайда болмайтынын түсінуіміз керек. Оның артында маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарының қажырлы еңбегі жатыр. Көше тазалықшылары қаланың көркін сақтап қана қоймай, адамдардың денсаулығы мен жайлы өмір сүруіне де үлес қосады.

 Көше тазалаушыларының жұмысы таңғы уақытта басталады. Қала тұрғындарының көбі әлі ұйқыда жатқан кезде олар көшелерді тазалап, қоқыстарды жинап, қоғамдық орындарды ретке келтіріп жүреді. Бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Себебі адамдардың күнделікті өмірі таза ортадан басталады. Егер көше уақытында тазаланбаса, қала көркі бұзылып, тұрғындарға қолайсыздық туындайды. Әсіресе үлкен қалаларда тазалықшылардың еңбегі ерекше байқалады. Олар көшелерді ғана емес, аялдамаларды, саябақтарды, аулаларды, жаяу жүргіншілер жолдарын да тазалайды. Қыс мезгілінде қар күреп, мұзға қарсы арнайы қоспалар себеді. Ал күзде сарғайған жапырақтарды жинайды. Жаздың аптап ыстығында да көктемнің жаңбырлы күндерінде де олар өз жұмыстарын тоқтатпайды.

Бұл мамандық физикалық күшті көп талап етеді. Күн сайын аур қоқыс тасу, ұзақ уақыт бойы көшені сыпыру, түрлі ауа райында жұмыс істеу – кез келген адамның қолынан келе бермейді. Соған қарамастан тазалықшылар өз міндеттерін адал атқарып келеді. Себебі олар қаланың тазалығы қоғам үшін маңызды екенін жақсы түсінеді.

Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда кей адамдар тазалықшылардың еңбегін бағаламайды. Кейбір тұрғындар қоқысты арнайы жәшікке салмай, көшеге тастап кетеді. Бұл тазалықшылардың  жұмысын бірнеше есе қиындатады. Біреулер ішкен сусынның бөтелкесін жол жиегіне тастаса, енді бірі қағаз бен қалдықтарды кез келген жерге лақтырады. Мұндай әрекеттер қоғам мәдениетінің төмендігін көрсетеді.

 Нұрсұлтан БАЙНАШ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!